Қазақстан мен Ресейдің жоғары мемлекеттік аудит органдары басшылары кездесті
Әлихан Смайылов бастаған ҚР Жоғары аудиторлық палатасының делегациясы Мәскеу қаласында өтіп жатқан РФ-ның Есеп палатасының 30 жылдығына арналған іс-шараларға қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Жоғары аудиторлық палатасының сайтына сілтеме жасап.
Ресми сапар Ресей тарапының шақыруымен жоғары мемлекеттік аудит органдары арасындағы кәсіби байланысты нығайту мақсатында өтті. Негізгі іс-шара Әзербайжан, Алжир, Беларусь, Біріккен Араб Әмірліктері, Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстанның жоғары аудит органдарының өкілдері қатысқан Ресей Федерациясының Есеп палатасы алқасының кеңейтілген отырысы болды.
Сапар аясында ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов Ресей Федерациясының Есеп палатасының басшысы Борис Ковальчукпен кездесті. Тараптар екі ведомствоның өзара іс-қимылының нәтижелерін, алдағы жылдарға жоспарды талқылады. Әлихан Смайылов өткен кезеңде көптеген бірлескен іс-шара жүзеге асырылғанын, олардың арасында тәжірибе алмасу үшін мамандардың өзара сапарлары, ЕАЭО желісі бойынша жалпы бақылау шаралары мен түрлі оқу тренингтері өткізілгенін атап өтті.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы электрондық аудитті енгізуді, жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау технологияларын қолдануды, сондай-ақ мемлекеттік аудиторлардың біліктілігін арттыруды ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары ретінде атап өтті.
Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы мен Ресей Федерациясының Есеп палатасы арасындағы екіжақты негізде де, халықаралық ұйымдар шеңберінде де табысты дамып келе жатқан достық қарым-қатынасты атап өткім келеді. Біз ынтымақтастықты нығайтуға дайынбыз. Тәжірибе алмасу және өзара қолдау бойынша алдағы жұмыстарды құптаймыз, - деді Әлихан Смайылов.
Ресей Есеп палатасының басшысы Борис Ковальчук те аудитті дамытудың барлық басым бағыттары бойынша нәтижелі өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді. Атап айтқанда, бұл мемлекеттік сатып алудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, өңірлік аудитті жетілдіру және т.б. қатысты.
Қазір біз ведомствода бірқатар процесті, соның ішінде аудит әдіснамасын да айтарлықтай өзгертіп жатырмыз. Сондықтан бізді қандай ноу-хау жаңашылдықтарды қолданатындарыңыз қызықтырады, - деді Ресей Федерациясы Есеп палатасының төрағасы.