Бүгiн 2026, 08:32 Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан мен Ресей волонтерлері трансшекаралық өзендерді тазалады

Экологиялық акциялар Жайық, Ертіс, Есіл және Тобыл секілді трансшекаралық өзендердің бойында өткізілді.

Қазақстанда 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Эколог күніне орай 30-ға жуық экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, оған 3,5 мыңнан астам адам қатысты.

Ірі бастамалардың бірі – Қазақстан мен Ресейде қатар өткен «Таза өзендер үшін бірлескен іс-қимыл күні» акциясы. Жоба БҰҰ жариялаған Тұрақты даму мақсаттарындағы Халықаралық волонтерлер жылы және «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жүзеге асырылуда.

5-6 маусым күндері өткен шара барысында екі елдің волонтерлері, жастар ұйымдары, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен белсенді азаматтары өңірлердегі өзен жағалауларын тазалау жұмыстарына жұмылдырылды.

Экологиялық акциялар Жайық, Ертіс, Есіл және Тобыл секілді трансшекаралық өзендердің бойында өткізілді. Сонымен қатар Ресей аумағындағы осы өзендердің жағалауларында да тазалық жұмыстары қатар ұйымдастырылды.

Жоба Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы, жергілікті атқарушы органдар және Ұлттық волонтерлік желінің қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.

Бастама қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға, экологиялық волонтерлікті дамытуға және табиғи ресурстарды сақтауға бағытталған.