Қазақстан мен Ресей мұнай өнімдерін жеткізу туралы келісімді 2028 жылға дейін ұзартпақ
Қазақстан мен Ресей арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы үкіметаралық келісімнің қолданысын қайта бастау және оны 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзарту ұсынылды. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Құрылтай отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрылтай қарауына 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы Қазақстанға мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің қолданысын қайта бастау және оған өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы енгізілді.
Министрдің айтуынша, хаттамаға 2024 жылғы 27 қарашада Астанада қол қойылған. Оның негізгі мақсаты – 2024 жылғы 1 қаңтарда қолданылу мерзімі аяқталған келісімнің күшін қайта жаңғырту және екіжақты ынтымақтастықтың жекелеген ережелерін өзектендіру.
Хаттамаға сәйкес, келісімнің қолданысын 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға тарата отырып қайта бастау көзделеді.
Сонымен қатар мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізудің индикативтік теңгерімдерін жыл сайын келісу тетігі сақталады. Екі елдің құзыретті органдары арасындағы ақпарат алмасу жалғасып, келісім аясында жеткізілетін мұнай өнімдерінің пайдаланылуына бақылау жүргізіледі.
Келісімнің қолданылу мерзімі 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартылмақ. Тараптардың қарсылығы болмаған жағдайда құжат кейіннен бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылатын болады.
Ерлан Ақкенженов бұл келісімнің Қазақстан үшін энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ішкі мұнай өнімдері нарығының тұрақты жұмыс істеуі тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.
Келісім екі мемлекеттің құзыретті органдарының іс-қимылдарын үйлестіру үшін халықаралық-құқықтық негіз қалыптастырады және мұнай өнімдерінің тапшылығы туындаған жағдайда қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді, – деді министр.
Оның айтуынша, хаттама ратификацияланбаған жағдайда Қазақстан мен Ресей арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу мәселелері бойынша үкіметаралық үйлестірудің халықаралық-құқықтық тетігі өз күшін жояды. Бұл жеткізілімдердің болжамдылығын төмендетіп, ішкі нарықта мұнай өнімдерінің тапшылығына әкелуі мүмкін.
Құрылтай «2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің қолданылуын қайта бастау және оған өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды екі оқылымда қабылдады.