Қазақстан мен Ресей мәдени ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді
Мәскеуде Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Кіші комиссияның төртінші отырысы өтті. Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен РФ Мәдениет министрі Ольга Любимова төрағалық етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесуге екі елдің мәдениет саласындағы жетекші ұйымдарының өкілдері қатысты. Тараптар мәдениет, кино, кітапхана және музей ісі, сондай-ақ шығармашылық кадрларды даярлау салаларындағы серіктестікті тереңдету мәселелерін талқылады.
Аида Балаева өз сөзінде Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.
Бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобаларымыз екі елдің мәдени байланысын нығайтып, халықтарымыздың жақындасуына ықпал етуде, – деді министр.
Ольга Любимова да ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Бізді алда көптеген ортақ жоба күтеді. Бұл бастамалар елдерімізді бұрынғыдан да жақындастырады, – деді ол.
Кіші комиссия отырысы аясында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Ресейдің театр өнері институты (ГИТИС) арасында ынтымақтастық жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Құжат актерлік шеберлік, сахна тілі, хореография және театр менеджменті салаларындағы бірлескен жобаларды қамтиды.
Сонымен қатар Мәскеуде Қазақстанның мәдени күндері ресми түрде басталды. Аида Балаева Ресей тарапына іс-шараларды ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.