Қазақстан мен Ресей компаниялары 27 екіжақты келісімшартқа қол қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «ИННОПРОМ-2022» халықаралық өнеркәсіптік көрмесі аясында Қазақстан мен Ресей компаниялары арасында 27 екіжақты келісімшарт жасалды. 

Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлайды.

Аталған келісімшарттар өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге, үздік әлемдік тәжірибелермен алмасуға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. 

Мәселен, «Aluminium of Kazakhstan» ЖШС-і ресейлік «ИЗА-МСК» ЖШС компаниясымен бірлесе алюминий кескіндерінің өндірісін дамыту бойыша келісімге қол қойды. «Hoffmann аluminium» сауда маркасымен танылған отандық зауыт 2013 жылы ашылған. Бүгінде өндіріс ошағы қалдықсыз жұмыс істеу технологияларын пайдалана отырып, алюминий кескіндерін өндірудің толық кезеңін қамтиды. 

Былтыр «Aluminium of Kazakhstan» компаниясы 5 мың тоннадан астам өнім өндірсе, биыл бұл көрсекішті 7 мың тоннаға дейін жеткізбек. Өз кезегінде дайын өнім отандық нарықтан бөлек, Украина, Ресей, Польша, Литва, Италия, Өзбекстан және Қырғызстан елдеріне экспортталады.

Сонымен қатар, Қарағанды құю-машина жасау зауыты мен «Римера» АҚ компаниясы Жаңаөзен қаласында мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын өндіру технологиясын игеру бойынша меморандумға қол қойды. 80 жылдық тарихы бар Қарағанды құю-машина жасау зауыты бүгінде 7 мыңнан астам өнім аталымын шығарады. Қазіргі уақытта кәсіпорында 800-ге жуық адам еңбек етеді. Заман талаптарына сай сапалы дайын өнім ТМД және Еуропа елдеріне экспортталады. 

Бұдан бөлек, көрме барысында «Казэнергокабель» АҚ «Орал пластификаторлар зауыты» ЖШС компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бүгінде «Казэнергокабель» шығарылатын өнім номенклатурасы 18 мың атаудан асатын кабельдік-өткізгіш өнімдердің ірі өндірушісі болып табылады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы