Қазақстандық курсанттар Ресейде тегін білім алады
Қазақстандық курсанттар мен офицерлер Ресейдің ведомстволық жоғары оқу орындарында тегін оқиды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ресей Федерациясы ІІМ-мен кадр даярлау саласындағы ынтымақтастықты жалғастырып келеді. Өзара іс-қимыл ТМД және ҰҚШҰ аясындағы мемлекетаралық келісімдер негізінде жүзеге асырылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстандық курсанттар Ресейде тегін білім алады
Қазақстандық курсанттар мен офицерлер Ресейдің ведомстволық жоғары оқу орындарында тегін оқытылады. Қазақстан ІІМ жыл сайын Ресейдің жоғары оқу орындарына полиция бағыты бойынша шамамен 25 курсант пен офицерді, ал Ұлттық ұлан бағыты бойынша 30-ға жуық адамды жібереді.
Қазіргі уақытта Ресей ІІМ-нің білім беру ұйымдарында Қазақстанның ішкі істер органдарының 58 курсанты мен 3 офицері білім алуда. Сонымен қатар Ұлттық ұлан бағыты бойынша Ресей Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұлан жоғары оқу орындарында 107 курсант пен 34 офицер оқып жатыр.
Біліктілікті арттыруға басымдық берілуде
Ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. 2026 жылы өзекті бағыттар бойынша Қазақстан ішкі істер органдарының 84 қызметкері және Ұлттық ұланның 7 офицері оқудан өтті.
Оқу бағдарламалары трансұлттық қылмыс пен терроризмге қарсы іс-қимыл, цифрлық криминалистика, цифрлық іздермен жұмыс, телекоммуникациялар, бағдарламалық қамтамасыз ету архитектурасы және өзге де заманауи бағыттарды қамтиды.
Қысқа мерзімді оқыту бағдарламалары дамып келеді
Қазақстан мен Ресей қысқа мерзімді оқыту саласындағы ынтымақтастықты да тең негізде дамытып келеді. Биыл қазақстандық ІІМ жоғары оқу орындары онлайн форматта ресейлік әріптестер үшін бес курс өткізді.
Аталған курстарға Ресей полициясының 26 қызметкері қатысып, біліктілігін арттырды.
Заманауи қылмыстармен күреске бағытталған бағдарламалар
Оқу бағдарламалары киберқылмыстарды тергеу, әйелдер мен балалардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстардың алдын алу және тергеу, нашақорлықтың профилактикасы, полиция қызметінің сервистік моделі, сондай-ақ қылмыстық істерді электронды форматта басқару мен тергеу негіздерін қамтиды.
Осылайша Қазақстан мен Ресей құқық қорғау органдары кадр даярлау және кәсіби тәжірибе алмасу бағытындағы әріптестікті жалғастырып, құқық қорғау саласындағы заманауи сын-қатерлерге бірлесіп жауап беру әлеуетін күшейтіп келеді.