Қазақстан мен Ресей электр энергиясы бойынша ынтымақтастық нығаяды

Сенат отырысында "Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы ҚР мен РФ-тің біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы" заңы мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Келісім 2023 жылғы 9 қарашада Астана қаласында жасалған. Келісімнің мақсаты энергетикалық жүйелердің қатар жұмыс істеу процесінде туындайтын тараптардың өзара қарым-қатынастарын ресімдеу, сондай-ақ олардың өзара іс-қимылының негізгі шарттарын айқындау.

Екі ел арасындағы бірыңғай энергетикалық жүйелерінің қатар жұмысын қамтамасыз ету мақсатында тараптар төмендегідей шараларды қабылдайды:

1) Ресей Федерациясынан Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесіне беруге жоспарланған электр энергиясының көлемдерін жыл сайын келісу;

2) Электр энергиясын сатып алу мен сату құнын "KEGOC" акционерлік қоғамы мен Ресейдің "Интер РАО БЭЖ" компаниясы арасында жасалған келісімдер бойынша электр энергиясының рұқсат етілген нақты мемлекетаралық сальдо ағындары шегінде де, одан асырылған көлемде де айқындау;

3) Қазақстанның энергия өндіруші ұйымдары жаппайтын электр энергиясын тұтынудың жоспарлы көлемін жабу үшін Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына берілетін электр энергиясын сатып алуды коммерциялық негізде жүзеге асыру;

4) Мемлекетаралық қималардағы қуат ағындары сальдосының жоспардағыдан ауытқуларының технологиялық негізделген орташа сағаттық шамаларын айқындау әдістемесін келіскенге және бекіткенге дейін электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан ауытқуының рұқсат етілетін орташа сағаттық шамасы 150 МВт-қа тең болып белгіленеді.

5) Ауытқулардың рұқсат етілген диапазонынан (150 МВт-тан жоғары) асып кеткен жағдайда электр энергиясына ақы төлеу, оның ішінде "Россети" акционерлік қоғамы және "Бірыңғай энерго жүйелерінің жүйелік операторы" акционерлік қоғамы желілері бойынша электр энергиясын жедел-диспетчерлік басқару бойынша беру жөніндегі қызметтерге ақы төлеу, электр энергиясын сағаттық негізде қалыптастырылатын Ресей Федерациясының теңгерімдеуші нарығының бағалары бойынша сатып алу кіреді. Ресейлік компаниялар үшін рентабельділік нормасының мөлшері ағындардың рұқсат етілген шектерінде 0,5%, ал асқан кезде 2,5% құрайды.

Келісім аясында Қазақстанның электр энергиясын бірыңғай сатып алушысы ретінде "Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы" ЖШС анықталған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде электр энергиясын тұтыну көлемі өндіріс көрсеткіштерінен асып түсті. Нақты айтқанда, электр энергиясының өндірісі 117,9 млрд. кВтс, бұл ретте тұтыну – 119,9 млрд кВтс құрады. Өткен жылы Ресейден электр энергиясын импорттау көлемі 3,1 млрд кВтс болды,- деді сенатор Сүйіндік Алдашев.

2025 жылы электр энергиясына тапшылық 5,7 млрд кВтс құрайды, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 46%-ға артық.

Электр энергиясының тапшылығы әсіресе тұтынудың шарықтау сағаттарында, яғни кешкі уақытта сезіледі (адамдардың жұмысынан қайту кезінде өмір сүру процестері белсенділігінің артуына байланысты тұтыну көлемі өседі). Мұндай жағдайда Бірыңғай сатып алушы Ресей Федерациясының энергия жүйесінен жеткізілімдерді жүзеге асырады. Келісімге сәйкес, Ресейдің энергетикалық жүйесі Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесінде жиілік пен кернеуді рұқсат етілген шектерде қолдайды, сонымен қатар Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесіндегі өндіріс пен тұтыну арасындағы сағаттық ауытқуларды өтейді,- деді сенатор.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы