Қазақстан мен Ресей арасында бірқатар келісімге қол қойылды

Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Қазақстан мен Ресей арасында бірқатар келісімге қол қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қостанай облысында өтіп жатқан Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында жалпы сомасы 83 млн.долларға 9 өңіраралық және коммерциялық келісімге қол қойылды.

Осылайша, бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыру ниеті туралы келісімге қол жеткізілді. Соның ішінде «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында ұзақ сақталатын нан өнімдерін шығаратын зауыт салу, Солтүстік Қазақстан облысында жүк көтергіш жабдықтарын жасау, Қостанай облысында сүтті өнеркәсіптік салқындату жабдықтарын жасап шығару жобалары бар. Тиісті меморандумдар мен келісімдерге екі елдің кәсіпорын басшылары қол қойды.

Сондай-ақ, Павлодар мен Омбы, Маңғыстау және Астрахань, Батыс Қазақстан мен Орынбор, Қостанай және Орынбор облыстары сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салаларда халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстар үшін мүмкіндік ашатын маңызды өңіраралық құжаттарға қол қойды.

Бұдан өзге, Қостанай облысының кәсіпкерлер палатасы мен «Орынбор облысының сауда-өнеркәсіп палатасы» одағы арасында ынтымақтастық туралы меморандум және «Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» ММ мен «Ренессанс» ЖШҚ арасында орман материалын қолдану және өсіру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілді.

Естеріңізге сала кетейік, Форум дәстүрлі түрде өтіп жатыр, ағымдағы жылғы форум тақырыбы - «Ауыл шаруашылығы – мықты экономиканың негізі».

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: telegram.org/k/#@forumKazakhstanRussia
Өзгелердің жаңалығы