Бүгiн 2026, 13:47 Фото: Ақорда

Қазақстан мен Ресей 70 бірлескен инвестициялық жобаны іске асырып жатыр – Путин

Ресей президенті тауар айналымының өскенін, жаңа келісімдер әзірленгенін және Қазақстан мен Ресей арасындағы бірлескен жобалардың жүзеге асып жатқанын атап өтті.

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан мен Ресей экономика, энергетика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты белсенді дамытып келе жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен келіссөз барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Владимир Путиннің айтуынша, екі ел арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып келеді және тең құқықтық пен өзара құрмет қағидаттарына негізделген.

Былтыр Мәскеуге жасаған мемлекеттік сапарыңыз барысында біз бірлескен мәлімдемеде екіжақты қатынастар жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне шыққанын бекіттік. Шын мәнінде солай. Біз барлық бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз, – деді Ресей президенті.

Путин қазіргі мемлекеттік сапар аясында үкіметаралық, ведомствоаралық және коммерциялық келісімдердің ауқымды пакеті әзірленгенін атап өтті.

Экономика мен энергетикадан бастап мәдени-гуманитарлық жобаларға дейінгі ынтымақтастықтың барлық саласын қамтитын үкіметаралық, ведомствоаралық және коммерциялық келісімдердің салмақты пакеті дайындалды, – деді ол.

Ресей президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың артып келе жатқанына да тоқталды.

Ресей Қазақстанның жетекші сауда серіктестерінің қатарында. 2025 жылы тауар айналымының өскені тіркелді, – деді Владимир Путин.

Сонымен қатар ол бірлескен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын хабарлады.

Қазір 70 бірлескен инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бұл тек бастамасы ғана. Өйткені біз ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқыладық. Олар, сөзсіз, жақсы нәтиже береді, – деді Ресей президенті.

Владимир Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық байланыстарға да арнайы тоқталды. Оның айтуынша, өңіраралық ынтымақтастықтың кезекті форумы 20 тамызда Омбыда өтуі жоспарланып отыр.

Ресей президенті білім беру саласындағы ынтымақтастықтың да дамып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары жұмыс істеп тұр.

Бұдан бөлек, Путин екі елдің ЕАЭО, ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ, БРИКС, БҰҰ және «Ресей – Орталық Азия» форматындағы халықаралық ұйымдар мен алаңдар аясында өзара іс-қимыл жасап келе жатқанын атап өтті.

Сөз соңында Ресей президенті Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысын ұйымдастыруға дайындық жүргізгені үшін Қазақстан тарапына алғыс айтып, алдағы саммиттің табысты өтетініне сенім білдірді.