Қазақстан мен Қытайдың 30 жылдық жаңа «алтын» дәуірі басталды – елші

Биыл Қазақстан-Қытайдың жаңа «алтын» 30 жылдығы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қытайдың Қазақстандағы елшілігі Қытай Жаңа жылын атап өтті. Жиында елші Чжан Сяо екі елдің қарым-қатынасы жайында айтып берді.

Оның сөзінше, өткен 2022 жылдың екі жақты қарым-қатынас үшін маңызы зор. 2022 жемісті, тиімді әрі ауқымды іс-шараларға толы жыл болды. 

Жылды дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын бірлесе атап өтуден бастадық, екі елдің көшбасшылары пандемия кезінде Бейжіңде қысқы Олимпиада ойындарының ашылуында бетпе-бет кездесу өткізді. Осы кездесуде мемлекет басшылары соңғы 30 жылдағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуын жоғары бағалап, өзара тиімді және тең құқылы қарым-қатынастардың дамуы екі елдің түбегейлі және ұзақ мерзімді мүдделеріне жауап беретінін атап өтті. Өткен уақытты мемлекет басшылары «алтын» 30 жыл деп атады. Олар жаңа «алтын» 30 жылдықты аша отырып, қарым-қатынастарымызды сол бағытта дамытуды жалғастыруға келісті, - деп айтты ҚХР елшісі.

Сонымен қатар былтырғы екіжақты қарым-қатынастардың маңызды оқиғасы - ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары.

Бұл сапардың тарихи маңызы болды. Себебі бұл Си Цзиньпиннің пандемиядан кейінгі 2,5 жылдағы шетелге жасаған алғашқы сапары. Оған әлемдік БАҚ-тың ғана емес, сонымен қатар кең ғылыми қауымның назары аударылды. Сапар барысында төраға Си Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығының егемендігін қолдайтынымызды, «Жаңа Қазақстан» құрылысы аясында Президент Тоқаев бастаған барлық саяси және экономикалық реформаны қолдайтынымызды тағы да растады. Екі елдің көшбасшылары екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мәселелері бойынша егжей-тегжейлі пікір алмасты, жаңа «алтын» 30 жылдықты ашудың жол картасын белгіледі, - деп айтты дипломат.

Чжан Сяоның айтуынша, былтыр қараша айында Қытай Коммунистік партиясының ХХ съезінде Си мырза жаңа мерзімге қайта сайланғанда және Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауынан кейін екі басшы да бір-бірін құттықтады. Сөзінше, екіжақты қарым-қатынастарды дамытуда жеке достық пен сенім басты рөл атқарды деп айтуға болады. 

Дипломат екі елдің биылғы жоспары қандай екеніне тоқталды.

Былтыр қол жеткізген қарқынды биыл сақтап қана қоймай, одан әрі арттыруымыз керек екені сөзсіз. Ең алдымен биыл Қытай үшін ерекше маңызға ие жыл екенін атап өткім келеді, өйткені бұл Қытай Коммунистік партиясының ХХ съезінде қабылданған шешімдердің толыққанды іске асырудың алғашқы жылы және жаңа «алтын» 30 жылдықтың басталуы. Биыл «Бір белдеу, бір жол» бастамасына 10 жыл толады. 2023 жылдың ұраны – сапалы даму деп есептеймін. Яғни біз дәстүрлі бағыттардағы ынтымақтастықты дамытып қана қоймай, цифрландыру, телекоммуникация және т.б. жаңа салаларды зерттеп, біртұртас тағдыр қауымдастығын қалыптастыруымыз керек, - деп есептейді ҚХР өкілі.

Айтуынша, екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға бұдан да күшті серпін беретін бірқатар жоғары деңгейдегі маңызды сапар жоспарда тұр.

Былтыр 30 млрд АҚШ доллары көлеміндегі тауар айналымының рекордтық деңгейіне шықтық, биыл біз осы көлемдерді ұлғайтуға дайынбыз. Қытай үкіметі COVID-ке қарсы шектеулерін алып тастағаннан кейін адамдар арасындағы байланыстар арта түседі. Осы 3 жылда адами қарым-қатынаста көп нәрсе жоғалғанын мойындау керек. Әрине, жоғалтқанның орнын толтыру керек, - деп толықтырды ол сөзін жиында.

Елші екі ел арасындағы әуе қатынасы бұрынғы қалпына, яғни карантин басталғанға дейінгі режимге қайта келтірілетінін айтты. 

Сөз соңында ҚХР елшісі Чжан Сяо қонақтарды жаңа Қоян жылымен құттықтады.

Ай күнтізбесі бойынша Жаңа Қоян жылы келді. Қытайда қоян - тәтті, епті, мейірімді жануар, бейбітшілік пен тыныштықты бейнелейді. Жаңа жылда әрқайсымыздың шаңырағымызда бейбітшілік пен тұрақтылық, бақыт пен береке орнауына шын жүректен тілектеспін, - деп сөзін қорытындылады ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА inbusiness.kz
Өзгелердің жаңалығы