Бұдан былай Қазақстан мен Қытай әуе құтқару қызметін бірлесіп атқарады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Қытай Авиациялық әкімшілігінің төрағасымен бірлесіп азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қойды.
Осы келісімнің мақсаты Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) стандарттары мен ұсынылатын практикасына сәйкес апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған жолаушылар мен экипаждарды іздестіру және құтқару үшін мемлекеттердің іздестіру-құтқару қызметтері арасындағы ынтымақтастық.
"Келісім: тараптардың өзара хабарласу туралы, авиациялық оқиға туралы міндетін, сондай-ақ бір тараптың екінші тараптан іздестіру-құтқару операцияларын жүргізуге көмек сұрау туралы құқығын, сондай-ақ екі тараптың іздестіру-құтқару қызметтерінің бірлескен оқу-жаттығуларын өткізу, ақпарат және тәжірибе алмасу үшін құқықтық негізді айқындайды" - делінген ресми құжатта.
Одан әрі, іскерлік кездесулер аясында Роман Скляр CITIC Construction Ltd және Caslu' an energy technology Co., Ltd компанияларымен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар CITIC Construction Ltd компаниясының қызметін атап өтті, ол Қазақстан аумағында ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыратын заңды тұлғалар болып табылады. Қытай компаниялары көмірден базалық парафин мен майлайтын базалық майларды өндіру бойынша инновациялық жобаны таныстырды. Тараптар осы жобаны Қазақстан аумағында іске асыру мүмкіндігін қарастыруға келісті. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар осы жобаны жүзеге асыру жөніндегі ниеттері туралы негіздемелік меморандумға қол қойды.
Сондай-ақ министр "Hainan Airlines" авиакомпаниясы төрағасының орынбасарымен кездесу өткізді, оның барысында ағымдағы ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мүмкіндігі талқыланды. Атап айтқанда, "Астана" халықаралық қаржы орталығының халықаралық көліктік қолжетімділігін дамыту мақсатында Шанхай – Нұр-Сұлтан – Тель-Авив жаңа бағытын ашу мүмкіндігі талқыланды.