Қазақстан мен Қытай. Жүк тасымалдау 22% өсті
Қазақстан мен Қытай арасындағы темір жолмен жүк тасымалдау 22% өсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2023 жылғы қаңтар - қазанда Қазақстан Республикасы мен Қытай темір жолдары арасында жүк тасымалы 23,6 млн тоннаны құрады. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 22% жоғары.
Мәселен, Қытайдан жүк қабылдау 8%, яғни 9,1 млн тоннаға дейін, жүктерді ҚХР-ға жөнелту 32%, 14,5 млн тоннаға дейін ұлғайды. Алтынкөл станциясы бойынша жүктерді тапсыру 53%, яғни 4,8 млн тоннаға дейін, қабылдау 14%, яғни 5,4 млн тоннаға дейін өсті.
ҚР мен ҚХР арасында жүктерді тасымалдауға Темір жол ынтымақтастығы ұйымының (ТЖЫҰ) 2023 жылға арналған жоспары 26,1 млн тонна көлемінде келісілді.
Қазақстандық өнімді экспорттық тасымалдауды дамыту үшін Достық – Мойынты учаскесінің екінші жолдарының құрылысы жүргізілуде, содан кейін оның өткізу қабілеті 5 есеге артады. Сондай-ақ, Бақты үшінші өткізу пунктінің ашылуымен Бақты-Аягөз теміржол желісін салу жобасы іске асырылуда, ол Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін жылына тағы 20 млн тоннаға арттырады.