19 Ақпан 2026, 10:46 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстан мен Қытай "жасыл" энергетика бойынша ірі келісімді ратификациялады

Сенат тиісті келісімді ратификациялады.

Сенаторлар Қазақстан мен ҚХР арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құжат "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы" деп аталады.

Заң еліміз аумағында жаңартылатын энергия көздерін дамыту арқылы ірі «жасыл» энергетика жобаларын жүзеге асыруға құқықтық негіз қалыптастыруға және жаһандық жылынуға қарсы бірлесіп күресуге бағытталған.

Қазіргі таңда әлемде энергия көздерін әртараптандыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тұрақты экономикалық даму мәселелері алдыңғы қатарға шықты. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты көздейтін Келісім – еліміздің ұзақ мерзімді даму басымдықтарына толық сәйкес келетін стратегиялық шешім. Аталмыш заң Қазақстан аумағында ірі жаңартылатын энергия жобаларын іске асыруға құқықтық негіз қалыптастырады. Жоспарланып отырған жобалар жел және күн электр станцияларын салуды, сондай-ақ электр энергиясын жинақтау жүйелерін енгізуді қамтиды, - деп түсіндірді Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов.

Негізгі ережелер:

  • энергия сақтау жүйелерін қолдана отырып, жыл сайын көмірқышқыл газы шығарындыларын қысқарту және жаңартылатын көздерден өндірілетін электр энергиясы көлемін арттыру;
  • электр энергиясын сатып алу-сату шартының талаптары мен тарифтерін қоса алғанда, оны алдын ала келісу;
  • жобаларды іске асыру барысында қазақстандық жеткізушілердің жұмыстары мен қызметтерін пайдалану.

Айта кетерлігі, жобалардың жалпы қуаты 1,8 гигаватты құрайды. Мұндай көлемдегі қуат еліміздің энергия теңгеріміндегі «жасыл» электр энергиясының үлесін арттырып қана қоймай, бірқатар өңірлердің инфрақұрылымдық дамуына серпін береді.