Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді: Тоқаевтың Қытайға сапары нені аңғартты?
Сарапшылардың пікірінше, бұл сапар екі ел арасындағы серіктестіктің жаңа моделіне көшудің басталғанын көрсетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жасаған мемлекеттік сапары биылғы жылдың ең маңызды сыртқы саяси оқиғаларының біріне айналды. Сапар қорытындысында жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойылып, жасанды интеллект, цифрлық экономика, өнеркәсіп, көлік және энергетика салаларында маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұл шешімдер Қазақстан үшін нені білдіреді және екі ел арасындағы қарым-қатынасты қалай өзгертуі мүмкін? Осы сауалға BAQ.KZ тілшісі сарапшылармен бірге жауап іздеп көрді.
Сарапшылардың пікірінше, Астана мен Бейжің арасындағы ынтымақтастық бүгінде дәстүрлі сауда мен инвестиция шеңберінен әлдеқашан асып кеткен. Бұрын әріптестіктің негізін шикізат жобалары мен көлік дәліздері құраса, енді басымдық жоғары технологияларға, цифрлық трансформацияға, өндірістерді жергіліктендіруге және инновациялық шешімдерді бірлесіп әзірлеуге беріліп отыр. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық өзара іс-қимылдың жаңа кезеңіне аяқ басқанын аңғартады.
Шикізат саудасынан – технологиялық әріптестікке
ҚР Президенттік орталығының жетекші сарапшысы, саясаттанушы Алмас Әубекеров Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты байланыс сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын айтады.
Оның сөзінше, екі мемлекет біртіндеп «мұнайға айырбас – тауар» қағидатына негізделген дәстүрлі модельден алыстап, технологиялық ықпалдастық пен өндірісті жергіліктендіруге негізделген жаңа кезеңге қадам басуда. Мұның басты дәлелі ретінде сарапшы Президенттің сапары барысында жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойылғанын атап өтті.
«Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас шынында да сапалық тұрғыдан өзгеріп жатыр. Бұл үдеріс жай ғана шикізат саудасынан әлдеқайда ауқымды. Біз "мұнайға айырбас – тауар" моделінен технологиялық интеграция мен өндірісті жергіліктендіруге негізделген жаңа кезеңге өтіп жатқанымызды көріп отырмыз. Президент сапарының қорытындысында жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісімнің жасалуы – соның айқын дәлелі», – деді Алмас Әубекеров.
Саясаттанушының пікірінше, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа стратегиялық өлшемі ең алдымен өзара сенімнің жоғары деңгейіне негізделген.
«Қытай үшін жоғары технологиялар мен құзыреттер трансфері бүгінде АҚШ тарапынан күшейген санкциялық қысым мен технологиялық бәсекеге байланысты өте сезімтал сала саналады. Осындай жағдайда Қытайдың ірі компанияларының Қазақстанмен жасанды интеллект, робот техникасы және цифрландыру бағытында толыққанды серіктестікке баруы – еліміздің стандарттарына және сенімділігіне берілген жоғары баға», – деді сарапшы.
Әубекеров Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанда жүзеге асып жатқан ауқымды реформаларды қолдауын да маңызды саяси белгі ретінде бағалайды.
«Қытайды терең білетін мамандардың тәжірибесі мен Бейжіңнің саяси ұстанымын дұрыс түсіну Қазақстан басшылығына қалыптасқан жеке дипломатиялық сенімді нақты әрі ұзақ мерзімді инвестицияларға айналдыруға мүмкіндік беріп отыр. Ал мұндай инвестициялар елімізде жаңа жұмыс орындарын ашып, жоғары қосылған құны бар экономиканы дамытуға жол ашады», – деп түйіндеді ол.
Қазақстан Орталық Еуразияның цифрлық хабына айналуды көздейді
Саясаттанушы Жанат Момынқұловтың айтуынша, Тоқаевтың бұл жолғы сапары екіжақты ынтымақтастықтың жаңа стратегиялық күн тәртібін айқындады. Онда цифрлық экономика мен жасанды интеллект негізгі орынға шыққан.
Оның айтуынша, Президент Қазақстанды болашақта Орталық Еуразияның өңірлік цифрлық және AI-хабы ретінде дамыту туралы ұсыныс жасап, Қазақстан-Қытай цифрлық хабын құру бастамасын көтерді.
«Бұл стратегияның нақты жалғасы ретінде Қазақстан–Қытай цифрлық хабы құрылуы мүмкін. Ол жасанды интеллект, үлкен деректер, бұлтты технологиялар және цифрлық инфрақұрылым бағытындағы бірлескен әзірлемелерді біріктіреді. Қазақстан үшін бұл транзиттік ел мәртебесінен өңірлік технологиялық орталық деңгейіне көшу деген сөз», – деді Момынқұлов.
Сарапшының айтуынша, Қытай да Қазақстанмен ынтымақтастыққа деген көзқарасын өзгертіп келеді.
Егер бұрын басты назар көлік бағыттары мен «Бір белдеу – бір жол» бастамасына аударылса, қазір Бейжің цифрлық экономикаға, электронды коммерцияға, жасанды интеллектке, интеллектуалды логистикаға және инновациялық өндірістерді дамытуға басымдық бере бастады.
Саясаттанушының пікірінше, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бүгінде жаңа буындағы кешенді стратегиялық әріптестік сипатына ие болып келеді.
«Қазір әңгіме тек инвестиция туралы ғана емес. Қазақстан қытайлық компанияларды өндірістерді жергіліктендіру, дата-орталықтарды дамыту, цифрлық инфрақұрылым, жасанды интеллект және кадр даярлау бағыттарындағы серіктес ретінде тартуға мүдделі. Бұл – ынтымақтастықтың әлдеқайда терең деңгейі», – деді ол.
Көпвекторлы саясат сақталады
Сонымен қатар Жанат Момынқұловтың пікірінше, Қытаймен ынтымақтастықтың нығаюы Қазақстанның сыртқы саяси бағыты өзгерді дегенді білдірмейді.
Оның айтуынша, Астана бұрынғыдай Ресеймен, Еуропалық одақпен, АҚШ-пен және Қытаймен қатар ынтымақтастықты қатар дамытатын көпвекторлы саясатты ұстанып келеді.
«Қытаймен қарым-қатынасты дамыту Қазақстанның сыртқы саяси бағытын өзгерту емес, көпвекторлы стратегиясының құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Президенттің жасанды интеллект саласындағы бастамалары халықаралық қауымдастықтың бәріне ашық және саяси ұстанымына қарамастан барлық мемлекеттің қатысуына мүмкіндік береді», – деді сарапшы.
Оның сөзінше, Бейжің де Қазақстанмен қарым-қатынастың үшінші елдерге қарсы бағытталмағанын бірнеше мәрте атап өткен және Орталық Азияны өзара тиімді ынтымақтастық кеңістігі ретінде қарастырады.
Екі сарапшының да пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары екіжақты қарым-қатынастың кезекті кезеңі ғана емес. Ол жоғары технологиялар, цифрлық экономика, жасанды интеллект және жоғары қосылған құны бар өндірістерді бірлесіп дамытуға негізделген жаңа серіктестік моделіне көшудің басталғанын көрсетті. Сонымен бірге Қазақстан көпвекторлы сыртқы саяси бағытын сақтай отырып, өзін тек транзиттік мемлекет ретінде емес, Орталық Еуразиядағы технологиялық орталық ретінде қалыптастыруға ұмтылып отыр.