Қазақстан мен Қытай СІМ басшылары әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады

Орталық Азия – Қытай» форматындағы Сыртқы істер министрлерінің 5-ші кездесуіне қатысу аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван Имен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы ахуалы мен одан әрі даму келешегін, аса жоғары және жоғарғы деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Сауда-экономикалық, транзит-көліктік ынтымақтастықты арттыру және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстанның Қытайға шикізаттық емес экспортын ұлғайту жөніндегі бірлескен күш-жігердің маңыздылығы аталып өтті. Биылғы жылғы 10 айдың ішінде екіжақты тауар айналымы 36,5 млрд АҚШ доллары көлемінде рекордтық көрсеткішке жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштерден 11%-ға артық.

Энергетикалық қауіпсіздік, жасыл экономиканы ілгерілету және өнеркәсіптік кооперация саласындағы одан әрі өзара іс-қимыл мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Министрлер өңірлік қауіпсіздікті талқылап, қазіргі сын-тегеуріндерге қарсы іс-қимылдағы бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтіп, Орталық Азиядағы тұрақтылықты нығайтуға дайын екендігін білдірді.

Білім беру алмасуларын кеңейту, ғылыми зерттеулерді қолдау және бірлескен мәдени іс-шараларды өткізуді қоса алғанда, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері келіссөздердің жеке пункті болды.

Қазақстан мен Қытай көршілер ғана емес, сонымен қатар қазіргі заманның сын-қатерлерімен бірлесіп күресуге және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге қабілетті стратегиялық серіктестер, – деді М.Нұртілеу.

Ван И өз кезегінде Қытай Қазақстанмен достық қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын және екі халықтың өзара пайдасы мен өркендеуі үшін оларды одан әрі тереңдетуге ұмтылатынын атап өтті.

Бұл кездесу ұзақ мерзімді ынтымақтастық үшін жаңа перспективалар ашып, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы