Қазақстан мен Қытай кітапхана саласында ынтымақтастықты күшейтпек
Қазақстан тарапы елде кітапхана саласын жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығында Қазақстан мен Қытайдың кітапхана саласы мамандарының қатысуымен жұмыс кездесуі өтті. Іс-шара Қазақстан Ұлттық кітапханасы мен ҚХР Ұлттық және Көпшілік кітапханаларының өкілдері арасында ұйымдастырылды.
Кездесу Қазақстанда жаңа форматтағы кітапханалар құру, қоғамдық кеңістіктерді дамыту және кітапхана қызметін цифрландыру бағытындағы мемлекеттік міндеттер аясында өтті.
Тараптар кітапхана қорларын сақтау және қалпына келтіру, цифрлық жүйелерді енгізу, қызмет көрсету сапасын арттыру және заманауи технологияларды пайдалану мәселелерін талқылады. Қытайлық мамандар өз тәжірибесімен бөлісіп, кітапханаларды басқару мен инновациялық қызмет көрсету үлгілерін таныстырды.
Қазақстан тарапы елде кітапхана саласын жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Кездесу қорытындысында екі ел мамандары ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуды жалғастыруға және кітапхана ісін дамыту бағытында бірлескен жобаларды кеңейтуге ниет білдірді.