Қазақстан мен Қытай кедейлікті азайтуда серіктестікті тереңдете алады – елші
Қытай Халық Республикасы соңғы онжылдықта кедейлікті жою бойынша әлемдегі ең ауқымды әрі табысты тәжірибелердің бірін қалыптастырды. Бұл туралы ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинь айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елшінің айтуынша, Қытай коммунистік партиясының басшылығымен жүзеге асқан мақсатты саясат нәтижесінде Қытай 2020 жылға қарай абсолютті кедейлікті толығымен жойып, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарындағы көрсеткіштерді мерзімінен 10 жыл бұрын орындаған.
Негізгі жетістіктері:
• 98,99 млн ауыл тұрғыны кедейліктен шығарылды;
• 832 уезд «кедей аймақ» мәртебесінен босатылды;
• 128 мың ауыл кедейлер тізімінен алынды;
• 1978 жылдан бері шамамен 800 млн адам кедейліктен құтылды — бұл жаһандық көрсеткіштің 75%-ы.
Хань Чуньлинь Қытайдың табысының төрт негізгі факторға сүйенетінін атап өтті:
1. Мемлекеттік деңгейде үйлестірілген басқару – кедейлікті жою ұлттық стратегияға айналып, жергілікті басқару жүйесіне дейін тікелей бақылауға алынған.
2. Даму арқылы кедейлікті азайту – инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, кадр даярлау және инвестиция тарту арқылы өңірлердің тұрақты дамуы қамтамасыз етілді.
3. “Халық – басты құндылық” қағидасы – халықтың өмір сапасын арттыру және әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету саясаты алдыңғы қатарға шықты.
4. Атаулы қолдау моделі – әр отбасыға, әр ауылға жеке жоспар жасалып, “дәрі диагнозға қарай” қағидаты қолданылды.
Дүниежүзілік банк мәліметінше, “Бір белдеу, бір жол” бастамасы 2030 жылға қарай 7,6 млн адамды күнкөріс кедейлігінен, 32 млн адамды орташа кедейліктен шығаруға мүмкіндік береді.
Соңғы төрт жылда Қытайдың Жаһандық даму бастамасы аясында 23 млрд доллардан астам қаржы және 1800-ден астам халықаралық жоба жүзеге асқан.
Сонымен қатар Қытай Азия, Африка елдеріне, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттеріне кедейлікпен күрес бойынша оқыту квоталарын бөліп, тәжірибе алмасу алаңдарын ашып жатыр.
Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы
Елшінің айтуынша, Қазақстан мен Қытай кедейлікті азайту саласында серіктестікті тереңдете алады. 2023 жылы Қытай мен Өзбекстан арасында кедейлікті төмендету жөніндегі бірлескен комитет құрылып, аймақтық ынтымақтастықтың жаңа үлгісі қалыптасты.
2024 жылы Сиань қаласында өткен ШЫҰ форумында Қытай мен Орталық Азия елдері тәжірибе алмасуды жалғастырды, ал шілде айында Синьцзянда Қытай-Орталық Азия кедейлікті азайту орталығы ашылды.
Хань Чуньлиньнің айтуынша, Қытайдың 15-ші бесжылдық бағдарламасы аясында ауылды жаңғырту, аймақтық даму және халықтың табысын арттыру бағытында Қазақстанмен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік бар.