Қазақстан мен Қытай ірі “жасыл” жобаларды бірлесіп іске асырады
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы ірі келісім туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, 2024 жылғы 12 қарашада Бакуде өткен COP-29 халықаралық климаттық форумы аясында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасында жаңартылатын энергетика саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімге қол қойылған.
Бұл келісім тұрақты және “жасыл” энергетиканы дамытудағы екіжақты ынтымақтастықтың маңызды кезеңі. Оның негізгі мақсаты – ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді серіктестікті қалыптастыру, заманауи энергия өндіру және жинақтау технологияларын енгізу, – деді Ерлан Ақкенженов.
Министрдің мәліметінше, келісім шеңберінде жалпы орнатылған қуаты 1,8 ГВт болатын үш ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде екі жел электр станциясы (1,5 ГВт) және бір күн электр станциясы (300 МВт) салу жоспарланып отыр. Бұл жобалар жаңартылатын энергетика саласындағы мемлекетаралық ең ауқымды бастамалардың бірі саналады.
Жобалар Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстарында іске асырылады. Бұл өңірлер жел және күн ресурстарының жоғары әлеуетіне, сондай-ақ жаңа генерация қуаттарын еліміздің бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне қосу мүмкіндігіне байланысты таңдалған.
Барлық жоба аясында қажетті энергетикалық инфрақұрылым салынып, электр желілеріне қосылу объектілері мен энергия жинақтау жүйелері енгізіледі, – деп атап өтті министр.
Жобаларға тартылатын инвестициялардың жалпы көлемі 2,2 млрд АҚШ долларын құрайды. Қаржыландыруға халықаралық қаржы институттары мен банктер қатысады.
Бұл – инвесторлардың Қазақстанның энергетика секторына деген жоғары сенімінің көрсеткіші, – деді Ерлан Ақкенженов.
Министрдің айтуынша, жобалар айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық әсер береді: шамамен 2 мың уақытша және 204 тұрақты жұмыс орны ашылады, сондай-ақ сабақтас салалардың дамуына серпін береді.
Экологиялық тұрғыдан алғанда, жобалар жыл сайын 5,7 млрд кВт·сағаттан астам “жасыл” электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді және көмірқышқыл газының шығарындыларын 4,5 млн тоннаға дейін қысқартуға ықпал етеді.
Сонымен қатар жобаларға «Самұрық-Энерго» АҚ-ның қосалқы инвестор ретінде қатысуы ұлттық мүдделердің сақталуын және отандық мамандардың кәсіби әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта жобалар жобалық іздестіру жұмыстарынан бастап негізгі инвестициялық және шарттық құжаттарды әзірлеу кезеңіне дейінгі әртүрлі іске асыру сатыларында тұр.
Депутаттар заңды талқылап болған соң ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қолдап, оң шешім шығарды.