Қазақстан мен Қытай басшылары бірлескен мәлімдемеге қол қойды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары аясында екі ел мәлімдемеге қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен мәлімдемесіне қол қойды.
Қазақстан мен Қытай мемлекеттері басшыларының қатысуымен 18 құжатқа қол қойылды.
Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы мемлекетаралық хаттамаға, визалық талаптардан өзара босату туралы үкіметаралық келісімге, техникалық ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы келісімге, мемлекеттер арасындағы орталықтар ашу ниеттері туралы ведомствоаралық меморандумға және Қазақстаннан Қытайға жасамықтың экспорттық партияларына қойылатын фитосанитариялық талаптар жөніндегі ведомстворалық хаттамаға қол қойылды.
Сонымен қатар басқа да үкіметаралық құжаттарға қол қойылды.
Сондай-ақ халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімге де қол жеткізілді.
Мемлекеттік сапарда екі ел БАҚ, білім, энергетика және басқа да салалардағы ынтымақтастық бойынша құжаттарға қол қойды.