Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымын өсіру жолдары талқыланды

Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Коммерция министрінің орынбасары – Халықаралық сауда келіссөздеріндегі Қытай өкілінің орынбасары Лин Цзимен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Сыртқы саяси ведомствоға сілтеме жасап.

Кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен даму келешектері, Қазақстанда инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыру және өзара қызығушылық тудыратын басқа да мәселелер талқыланды.

Тараптар екіжақты сауданың оң динамикасын одан әрі ілгерілетуге және оның орнықты өсуін қамтамасыз етуге жаңа тәсілдерді қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

Ш. Нұрышев сұхбаттасының назарын екі мемлекет басшыларының ҚР-ҚХР өзара сауда көлемін екі есе арттыру жөніндегі уағдаластықтарын іске асыру қажеттілігіне аударып, осыған байланысты бірлескен іс-шараларды өткізу, оның ішінде өзара іс-қимылдың қолданыстағы тетіктерін институционализациялау және трансшекаралық электрондық коммерцияны жандандыру арқылы өңіраралық ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар елші Қытай нарығына қазақстандық азық-түлік, ауыл және мал шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайту және экспорттың тауар номенклатурасын кеңейту, сондай-ақ қазақстандық өндірушілерінің ҚХР электрондық алаңдарына шығуы үшін қолайлы жағдайлар жасау жөнінде шаралар қабылдауға шақырды.

Өз кезегінде Лин Цзи Қазақстанның Шанхайдағы 7-ші Қытай халықаралық импорт көрмесіне қатысуын құптап, ҚХР нарығына өнімді ілгерілету бойынша қазақстандық тауар өндірушілеріне көмек көрсетуге дайын екенін және «трансшекаралық электрондық коммерцияның» бірлескен пилоттық аймағын құруға қызығушылық білдірді.

Тараптар «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қызметі мәселелері бойынша жұмысты жандандыруға келісті, «ҚР мен ҚХР арасындағы 2026 жылға дейінгі сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту бағдарламасын» іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалу барысын талқылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сыртқы істер министрлігі
Өзгелердің жаңалығы