Қазақстан мен Қытай арасындағы радиациялық-қауіпті заттарды өткізбеуге қатысты заң қабылданды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Ядролық материалдарды, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбаудағы өзара іс-қимыл жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.
Премьер-министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Келісімді ратификациялау қандай мүмкіндіктер беретінін түсіндірді.
Ядролық, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды, радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбау мақсатында кедендік бақылау саласындағы тараптардың ынтымақтастығын кеңейтуге және тереңдетуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, заманауи технологияларды енгізу мәселелері бойынша ынтымақтастық және бірлескен оқу-жаттығулар мен оқыту семинарларын өткізу, - деді Үкімет мүшесі.
Сонымен қатар радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы тараптардың халықаралық мiндеттемелердi орындауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, тараптардың кедендік шекарасындағы өткізу пункттерінде радиациялық бақылау жүргізу және азаматтарының радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес әкелуге тыйым салынған ядролық, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды, радиациялық-қауіпті заттарды тараптар мемлекеттерінің аумағына әкелуге жол бермеуге мүмкіндік береді. Яғни радиация аясы белгіленген нормалардан асатын тауарлар мен көлік құралдарын тасымалдауға қатысты тараптар мемлекеттері заңнамасының талаптары сақталмаған жағдайда, мұндай тауарларды екінші Тарап мемлекетінің аумағына әкетуге жол берілмейді, - деп түсіндірді Ерұлан Жамаубаев Сенатта.
Оның сөзінше, тараптар екінші тараптың аумағынан келіп түскен тауарлар мен көлік құралдарының иондаушы сәулелену деңгейіне қатысты аспаптар көрсеткіштерінің әртүрлілігі анықталған жағдайда, мұндай көрсеткіштер анықталған өткізу пунктінің аумағында бірлескен радиациялық бақылау жүргізу мүмкіндігі осы Келісімнің маңызды аспектісі.
Бірлескен радиациялық бақылауды жүргізу тәртібін тараптар мемлекеттерінің кеден органдарының өкілдерінен және оқу орталықтарының мамандарынан тұратын бірлескен жұмыс тобы айқындайды.
Министр атап өткендей, осы Келісімді ратификациялау Қазақстан мен Қытай арасындағы ядролық материалдарды, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болдырмау рәсіміне қатысты мәселелерді неғұрлым нақты және неғұрлым тиімді құқықтық реттеуге ықпал етеді.
Сондай-ақ Келісімді іске асыру республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді.
Сенат депутаттары жалпы отырыстың күн тәртібіндегі осы мәселеге қатысты қаулыны қабылдады.