Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыс қалай дамып жатыр?
Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыс – еліміздің сыртқы сауда, инвестиция тарту және көлік-логистика салаларындағы стратегиялық маңызды бағыттарының бірі. Соңғы жылдары екі ел арасындағы әріптестік жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төраға Си Цзиньпиннің шақыруымен 30 тамыз – 3 қыркүйек күндері Қытай Халық Республикасына барады. Сапар аясында экономикалық байланыс бойынша біршама келісім болуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сауда айналымы: өсу қарқыны мен негізгі бағыттар
Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сауда көлемі биылғы жарты жылдықта 21,8 млрд долларға жетті. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 9,2%-ға өсіп, 43,8 млрд доллардан асқан. Экспортталатын тауардың басым бөлігі шикізаттық және минералдық өнімдер, металдар мен ауыл шаруашылығы өнімдері болып отыр. Ал импорт болса тұтыну тауарлары мен техника түрлеріне тиесілі.
Жалпы мұндай сапарлар Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың одан әрі нығая түсуіне үлкен сенім бар. Ең алдымен екі ел арасындағы экономикалық байланысты атап өтейік. Қазіргі бағамен және болашағына қарасақ, мысалы, 2023 жылы екі жақты сауда айналымы 41 млрд АҚШ долларына жетіп, жылдық өсім шамамен 32%-ды құрады. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар, Қазақстанның жалпы сыртқы саудасының шамамен 28-35%-ы Қытаймен жүзеге асырылады. Осы тұрғыда Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Сауда құрылымына тоқталсақ, Қазақстаннан Қытайға мұнай, металдар және ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталса, ал бізге кері қарай техника, электроника, тұтыну тауарлары келіп жатыр, - дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
Инвестициялық жобалар және инфрақұрылымдық серіктестік
Энономист инфрақұрылым мен инвестициялар бойынша да бірқатар жобалардың да маңыздылығын атат өтті.
«Бір белдеу – бір жол» аясындағы жобаларды айтуға болады. Мәселен, Шымкент мұнай өңдеу зауытының жаңғыртылуы, Жаңатас жел электр станциясы, басқа да су электр станцияларының құрылысы осы ынтымақтастықтың аясында жүзеге асып жатыр. Қазақстан арқылы өтетін Қытай – Еуропа теміржол экспресі де белсенді жұмыс істеп тұр. Логистикалық хабтар да сәтті дамуда. 2025 жылы іске қосылатын Орта дәліз Қытайдан Еуропаға Ресей аумағын айналып өтетін маңызды балама жол болып саналады. Бұл қазіргі геосаяси жағдайда өте тиімді, - дейді ол.
Қазақстандық жүк көліктері Қытайдың кез келген қаласына емін-еркін кіріп-шығады. Бұл екі ел арасындағы алыс-берісті көбейтеді. Өзара тауар айналымын енді 100 млрд долларға ұлғайту көзделген.
Қазір теміржол өткелдері, Атырау мен Оңтүстік-батыс бағытындағы теміржолдың қосымша желілері, Ақтау портындағы контейнерлік хаб сияқты инфрақұрылымдар жаңғыртылып жатыр. Энергетика және басқа ресурстар саласында да Қытай Қазақстанның мұнай-газ және энергетикалық инфрақұрылым секторында үлкен орын алады. 2025 жылы Қытай мен Ресейдің «Росатом» консорциумы Қазақстанда алғашқы рет атом электр станциясын салу жобасына кіріскені белгілі. Сондай-ақ, сол жылы Қытай – Орталық Азия саммитінде энергетика, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, туризм, медицина, ғылым және басқа да салаларда 24 меморандумға қол қойылды, - дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
Еске салайық, 31 тамыз – 1 қыркүйек күндері Қазақстан Президенті Тяньцзинь қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және «ШЫҰ плюс» жиынына қатысады.
2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Бейжіңге барып, онда Қазақстан – ҚХР Іскерлік кеңесінде сөз сөйлеп, Қытайдың ірі компания жетекшілерімен бірқатар кездесу өткізеді.