Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе рейстер саны артады

Сиань қаласында Қытай - Орталық Азия азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының бірінші конференциясы шеңберінде (С5+1) Қазақстан Республикасының авиациялық билігі мен Қытай Халық Республикасы арасында келіссөздер жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстандық делегацияны Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева, Қытай делегациясын Қытай азаматтық авиация әкімшілігі халықаралық қатынастар департаменті бас директорының орынбасары Бай Венли бастады.

Келіссөздер барысында екі елдің бекітілген тасымалдаушыларының рұқсат етілген жиіліктер санын аптасына 124 рейске дейін ұлғайту және жиіліктер бойынша қандай да бір шектеусіз жүк рейстерін орындау мүмкіндігі жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сонымен қатар тасымалдаушылар саны артып, Қытай аумағында жаңа пунктер қосылды.

Өз кезегінде қазақстандық авиакомпаниялар Хайнань аралындағы (Санья, Хайкоу және Цюнхай қалалары) пункттрге, оның ішінде бесінші, алтыншы және жетінші "ауа еркіндігін" пайдалана отырып, шексіз рейстерді орындау құқығына ие болды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел арасында алғаш рет "ашық аспан" режимі орнатылды, оның шеңберінде екі елдің тағайындалған тасымалдаушылары "ауа еркіндігінің" бесінші дәрежесін пайдалана отырып, аптасына 42 рейске дейін орындау құқығына ие болды.

Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасы тасымалдаушылары "ауа еркіндігінің" бесінші дәрежесін пайдалана отырып, Қытайға рейстерді орындау құқығына ие болған әлемдегі санаулы елдердің бірі (АҚШ және бірқатар Еуропа елдері) болды.

Қытай Қазақстанның көптеген бағыттар бойынша стратегиялық серіктесі, осыған байланысты елдер арасындағы рейстерді орындау үшін құқықтық базаны кеңейту ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін маңызды қадам болып табылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР Көлік министрлігі
Өзгелердің жаңалығы