Қазақстан мен Қытай арасында мәдени орталықтар құрылады

Бүгін Сенат «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы мәдени орталықтарды өзара құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Екі ел арасындағы мәдени орталықтарды өзара құру туралы келісім Астанада 2023 жылғы 27 қарашада жасалған болатын. Заңның негізгі мақсаты Пекинде Қазақстаның, ал Астанада Қытай Халық Республикасының мәдени орталығын құру.

Орталықтарды құру өзара қарым – қатынасты нығайтуға, екі халық арасындағы өзара түсіністікті жан-жақты қамтамасыз етуге, достық қарым-қатынастарды дамытуға, мемлекеттер арасындағы мәдени-гуманитарлық іс-шаралар өткізуге, екі елдің тілін, мәдениетін, салт – дәстүрлерін, тарихын таныстыруға өз септігін тигізетін болады. Келісімде мәдени орталық жіберуші мемлекет аккредиттеген, сол елдің заңнамасына сәйкес жұмыс істейтін коммерциялық емес ұйым - заңды тұлға нысанында жұмыс атқарады, - деді сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.

Сенатордың айтуынша, орталықтарға діни, миссионерлік немесе сол мемлекеттің заңнамасына қайшы келетін өзге де қызмет жүргізуіне, сол сияқты жеке немесе заңды тұлғаларға осындай қызметті жүзеге асыруға жәрдемдесу рұқсат етілмейді.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлі қазақстандық мәдени орталық қызметінің тұжырымдамасын әзірледі. Тұжырымдамаға сәйкес, орталық ғимаратында түрлі іс-шаралар, кино, концерттік қойылымдар өткізуге арналған көпфункционалды зал, курстар, тренингтер, шығармашылық кездесулер өткізуге арналған коворинг орындары бар кітапхана, көрмелер мен таныстыру іс-шараларын ұйымдастыруға арналған экспозициялық алаң мен мультимедиялық кеңістік, сондай-ақ туризм бұрышын орналастыру көзделген, - деді ол.

Пекиндегі қазақстандық мәдени орталықтың штат саны 13 қызметкерден тұрады, оның ішінде 3 қызметкер – Қазақстан азаматтары, 10 қызметкер – Қытай тарапынан жалданатын азаматтар болады. Қытайдағы еліміздің мәдениет орталығы республикалық бюджеттен қаржыландырылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы