Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында бір үйір жылқы ұрлағандар ұсталды
Алматы облысында мал ұрлығымен айналықандар ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы маңында 31 бас жылқы ұрланған 42 және 22 жастағы екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Келтірілген жалпы шығын көлемі 16 800 000 теңгені құрады.
Күдіктілерге қатысты мал ұрлығы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олардың басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстығы тексерілуде. Тергеу жалғасып жатыр, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, мал ұрлығының елеулі бөлігі малды қараусыз, бақылаусыз жаюдан туындайды.
Малды көбіне бақташысыз, еркін жайылымға жібереді. Иелері жоғалғанын аңғарғанда, мал жайылымнан алыс кетіп қалды деп ойлап, өздері іздеуге кірісіп уақыт жоғалтады. Ал ұрыларды ұстау мен ұрланған малды қайтаруда алғашқы сағаттар шешуші рөл атқарады, – деп атап өтті ведомствода.