Қазақстан мен Қатардың құқық саласындағы ынтымақтастығы артады

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Онда сенаторлар Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі лауазымына тағайындау туралы мәселені қарады, күн тәртібіне шығарылған заңдарды мақұлдады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырыс барысында Амангелді Есенов Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі лауазымына тағайындалды. Дауыс беру кезінде ұсынылған кандидатура Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің отырысында алдын-ала талқыланғаны айтылды.

Сонымен қатар Палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдарды қарап, мақұлдады. Депутаттар атап өткендей, келісімдерді ратификациялау екі елдің қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша құқықтық ынтымақтастығының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді және екіжақты қатынастарды нығайтуға ықпал етеді.

Мақұлданған заңдар Қазақстан мен Қатардың құқық саласындағы ынтымақтастығын нығайтуды көздейді. Келісімдердің ережелері ұстап берудің рәсімдері мен құқықтық көмек көрсету мәселелерін реттейді. Алдағы уақытта аталған заңдар екі елдің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы бірлескен қызметінің тиімділігін арттырады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Келісімдерде көрсетілетін көмектің тізбесі, одан бас тарту үшін негіздер, құпиялылық туралы шарттар және сұрау салуды орындау кезінде алынған мәліметтерді немесе дәлелдемелерді пайдаланудағы шектеулер егжей-тегжейлі айқындалады. Сондай-ақ күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсін дәлелдеу үшін қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу көзделген. Іздестіріліп жатқан адамдарды экстрадициялау, оның ішінде адамдарды кейінге қалдыру немесе уақытша ұстап беру мәселелері де ескерілді. Уағдаласушы мемлекеттердің өз азаматтарын беруі көзделмейтінін атап өткен жөн.

Сондай-ақ Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Нұрлан Бекназаров шетелдік инвестициялар көлемінің төмендеуіне және инвесторлармен сот дауларының көбеюіне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұл жағдай ұлттық экономикаға теріс әсер етеді. Осыған байланысты депутаты инвесторлардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру және инвестициялық жобаларға мониторинг жүргізу үшін цифрлық жүйелердің интеграциясын жеделдетуді ұсынды.

Андрей Лукин санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметтерінің кәсіпкерлердің жұмысына заңсыз араласуы шағын және орта бизнестің мемлекеттік институттарға деген сеніміне нұқсан келтіретінін айтты. Сенатордың сөзіне қарағанда, Денсаулық сақтау министрлігінің аумақтық органдары тараптардың бірі болып табылатын сот шешімдеріне тұрақты мониторинг жүргізу мәселені шешуге ықпал етпек.

Сұлтанбек Мәкежанов салық және кедендік ақпараттық жүйелерді оңтайландыру туралы ұсыныс жасады. Нақты ауысу жоспарының болмауына байланысты бизнес өзгерістерге алдын-ала дайындала алмайды. Бұл айтарлықтай қиындықтарға әкеліп соғуы мүмкін.

Нурия Ниязова педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесін тиімді мемлекеттік бақылаудың жоқ екенін сынға алып, осы бағытты жетілдіретін заңнамалық өзгерістерді ұсынды.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы