Қазақстан мен Пәкістан кеден заңнамасын бұзуға қарсы күресте күш біріктірмек
Құрылтай Қазақстан мен Пәкістан арасындағы кеден ісіндегі ынтымақтастық және өзара әкімшілік көмек туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заңды екі оқылымда қабылдады. Құжат кеден заңнамасын бұзудың алдын алу, заңбұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бағытындағы екі елдің өзара іс-қимылын күшейтуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасы Үкіметі арасындағы келісімге 2026 жылғы 4 ақпанда Исламабад қаласында қол қойылған.
Құрылтай отырысында негізгі баяндама жасаған Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, келісім Қазақстан мен Пәкістанның кеден органдары арасындағы өзара іс-қимылдың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін қалыптастыруға бағытталған.
Құжат аясында кеден заңнамасын бұзудың алдын алу, мұндай құқықбұзушылықтарды тергеу және олардың жолын кесу бойынша өзара көмек көрсету көзделген. Сондай-ақ тараптар экспорттық және транзиттік декларациялар, оның ішінде күдік тудыратын декларациялар туралы ақпарат алмасады. Бұл ретте құпиялылық пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптары сақталады.
Бұдан бөлек, келісім екі елдің кеден органдары қызметкерлерін оқыту, олардың біліктілігін арттыру және практикалық тәжірибе алмасу үшін бір тараптың мамандарын екінші тараптың кеден органдарына жіберу мүмкіндігін қарастырады. Өзара іс-қимыл «сұраныс-жауап» қағидаты бойынша жүзеге асырылады.
Келісім ақпаратпен жедел алмасуды, қауіп-қатерлердің алдын алу және жолын кесу жөніндегі шараларды келісуді, сондай-ақ тұрақты әрі тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында құзыретті органдардың жұмысын үйлестіруді көздейді, – деді Мәди Тақиев.
Министрдің мәліметінше, келісімді ратификациялау мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындарын талап етпейді. Сондай-ақ кеден заңнамасына өзгерістер енгізу қажеттілігі жоқ және құжат мемлекеттік бюджет кірістеріне кері әсерін тигізбейді.
Келісімді іске асыру кеден саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, Қазақстан мен Пәкістан арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға және транзиттік-логистикалық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.