Қазақстан мен Өзбекстан транзитті жеңілдетуге келісті
Қазақстан мен Өзбекстан жүк тасымалдауды оңтайландырады.
Қазақстан мен Өзбекстан халықаралық автокөлік тасымалдары үшін қосымша 20 мың рұқсат бланкісімен алмасуға келісті. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Самарқанд қаласында Қазақстан-Өзбекстан халықаралық автомобиль қатынасы жөніндегі аралас комиссиясының кезекті отырысы өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша екі ел арасындағы халықаралық автокөлік тасымалдарын одан әрі жеңілдету және транзиттік қатынасты дамыту жөнінде бірқатар келісімге қол жеткізілді.
Қазақстан мен Өзбекстан қандай келісімге келді?
Тасымалдаушылардың қажеттілігін қамтамасыз ету және жүк тасымалының тұрақты жүруіне жағдай жасау мақсатында Қазақстан мен Өзбекстан 2026 жылға қосымша 20 мың рұқсат бланкісімен алмасуға келісті.
Сонымен қатар, тараптар 2026 жылдың соңына дейін электрондық рұқсат бланкілерімен шектеусіз алмасуға көшу мәселесін пысықтауға уағдаласты. Бұл халықаралық автокөлік тасымалдарын жыл сайын белгіленетін рұқсат квотасына байланысты шектеулерсіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Транзиттік тасымалдарды дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кедергісіз транзитті қамтамасыз ету мәселесін пысықтауға келісті. Бұл әкімшілік рәсімдерді қысқартып, транзиттік бағыттардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Автомобиль жолдары инфрақұрылымы дамиды
Отырыста автомобиль жолдарының инфрақұрылымын дамыту және оның сақталуын қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Осы бағытта тараптар тәжірибе және үздік практикалармен алмасуға келісті.
Сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын үйлестіру және Еуразия кеңістігінде бірыңғай көлік-логистикалық қаңқаны қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Отырыс барысында екіжақты және транзиттік жүк тасымалдарын дамытуға қатысты өзекті мәселелер қаралды. Жүк тасымалы көлемінің тұрақты өсімі және халықаралық көлік дәліздерінің жұмысын қамтамасыз етудегі Қазақстан мен Өзбекстанның маңызды рөлі атап өтілді.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, халықаралық автокөлік тасымалдарына кедергі келтіретін мәселелерді кезең-кезеңімен жоюға және екі ел арасындағы өзара сауда мен транзиттік әлеуетті арттыруға қолайлы жағдай жасауға мүдделі екенін растады.