Қазақстан мен Өзбекстан су тапшылығына қарсы бірлесіп күреседі
Сенат трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану және су тапшылығының салдарын бірлесіп еңсеруге бағытталған келісімді ратификациялады.
Қазақстан мен Өзбекстан трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және тиімді пайдалану туралы келісімді ратификациялады. Бұл құжатты Сенат депутаттары мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенат депутаты Әли Бектаевтың айтуынша, еліміздегі су ресурстарының едәуір бөлігі трансшекаралық өзендер арқылы қалыптасады. Сондықтан мұндай су нысандарын тиімді пайдалану, сондай-ақ көрші мемлекеттермен өзара сенім мен тең әріптестікке негізделген су дипломатиясын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады.
Келісімнің негізгі мақсаты – трансшекаралық су ресурстарын басқарудың тұрақты әрі тиімді тетіктерін қалыптастыру, мемлекетаралық су шаруашылығы нысандарының қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету және су ресурстарын әділ әрі ұтымды бөлу. Бұл құжаттың еліміздің оңтүстік өңірлері үшін маңызы ерекше. Түркістан және Қызылорда облыстарының, сондай-ақ Сырдария өзені бассейніндегі басқа да аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы су ресурстарының жеткіліктілігіне тікелей байланысты. Себебі ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі мен сапасы соған тәуелді. Сондықтан Сырдария өзенінің гидрологиялық режимі – тек су шаруашылығының мәселесі ғана емес, – деді Әли Бектаев.
Сенатордың сөзінше, бұл ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығы, фермерлердің экономикалық жағдайы және өңірдің әлеуметтік дамуы үшін де маңызды мәселе.
Осыған байланысты Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы су саласындағы ынтымақтастықтың маңызы жыл сайын артып келеді. Соңғы жылдары қалыптасқан өзара түсіністік пен тұрақты диалог нақты нәтижелерін беріп отыр. Соның арқасында вегетациялық кезеңде су ресурстарын бөлу, су қоймаларының жұмыс режимін келісу және тұрақты сумен қамтамасыз ету мәселелері жүйелі түрде шешілуде. Биылғы вегетациялық маусым соның айқын дәлелі. Қазіргі таңда Арал – Сырдария бассейніндегі су шаруашылығының жағдайы тұрақты. Шардара су қоймасы 90 пайызға толған, – деді ол.
Қалыптасқан гидрологиялық жағдайды ескере отырып, су пайдалану лимиттері де бекітілді:
- Қызылорда облысына – 3,2 млрд текше метр су;
- Түркістан облысына – 3,8 млрд текше метр су.
Сенатордың айтуынша, келісім аясында Қазақстан мен Өзбекстанның Үкіметаралық комиссиясы құрылады. Бұл комиссия тұрақты негізде су ресурстарын басқару, мемлекетаралық гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін қарайды.
Бұл су тапшылығы қаупін азайтуға, ықтимал даулардың алдын алуға, өңірлік тұрақтылықты нығайтуға және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға мүмкіндік береді, – деп түйіндеді Әли Бектаев.