Бүгiн 2026, 12:35 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстан мен Өзбекстан су ресурстарын басқаруда ынтымақтастықты күшейтеді

Комиссия су ынтымақтастығы мәселелері бойынша тараптардың өзара іс-қимылын үйлестірумен айналысатын болады.

Мәжіліс Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімді ратификациялады.

Құжатқа 2025 жылғы 15 қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары аясында қол қойылған. Оның мақсаты – трансшекаралық су объектілерін тиімді бірлесіп басқаруды, ұтымды пайдалануды, сондай-ақ мемлекетаралық маңызы бар су шаруашылығы құрылысжайларын қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету.

Келісімде трансшекаралық су объектілері мен мемлекетаралық пайдаланылатын су шаруашылығы құрылыстарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану жөніндегі Қазақстан-Өзбекстан үкіметаралық комиссиясын құру көзделеді. Комиссия су ынтымақтастығы мәселелері бойынша тараптардың өзара іс-қимылын үйлестірумен айналысатын болады.

Келісімді ратификациялау Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы су ресурстары саласындағы ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға, суды бөлуге байланысты ықтимал келіспеушіліктердің алдын алуға, сондай-ақ екі елдің су шаруашылығы кешенінің орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс Қазақстан-Өзбекстан су келісімін қарауға алған болатын.