Қазақстан мен Өзбекстан сарапшылары ынтымақтастықты арттыруды талқылады
Талқылаудың негізгі тақырыптары қазіргі жаһандық және өңірлік үрдістер контекстіндегі саяси диалог, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан Республикасы Президентінің Өзбекстанға мемлекеттік сапарының қорытындылары бойынша 2022 жылдың 27 желтоқсанында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты, Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты, Орталық Азия халықаралық институтының ұйымдастыруымен «Өзбекстан және Қазақстан. Стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың даму перспективалары» атты онлайн халықаралық конференция өтті.
Алғысөзді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Е.Қоныспаев, Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Б.Аълоев, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Б.Атамқұлов, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Е.Тұқымов, Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының директоры Е.Арипов, сондай-ақ Орталық Азия халықаралық институты директорының орынбасары Ф.Қадиров сөйледі.
Талқылаудың негізгі тақырыптары қазіргі жаһандық және өңірлік үрдістер контекстіндегі саяси диалог, сондай-ақ экономика, көлік, энергетика және су ресурстары салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа стратегиялық перспективалары болды.
«Бізді біріктіріп отырған ортақ тарих, мәдениет және география бүгінгі таңда қос ел арасындағы қарым-қатынасты ерекше жолмен, өзара сенімнің жоғары деңгейі арқылы құруды негіздейді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың 21-22 желтоқсанындағы Өзбекстанға мемлекеттік сапары барлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтудің стратегиялық перспективаларына негіз қалады. Жалпы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастың қарқындылығы бүкіл Орталық Азия өңірі елдерінің ынтымақтастығын одан әрі дамытуға бағыт береді. Сол себепті мұның барлығын ескерген өте маңызды, - деді ҚСЗИ директоры Е.Тұқымов.
Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының директоры Е.Арипов өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары маңызды тарихи оқиға болғанын атап өтті. «Өзбекстан Президенті Шавкат Миромонович Мирзиеевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысындағы Одақтастық қатынастар туралы декларацияға қол қойылғаннан кейінгі бір жыл ішінде одақтастық қатынастарды орнатуға қол жеткізгеніміз қуантады», – деді сарапшы.
Орталық Азия халықаралық институты директорының орынбасары Ф.Қадиров Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы қарым-қатынастың жоғары қарқынын атап өтті. Саяси деңгейде өсіп келе жатқан өзара түсіністік экономикалық көрсеткіштерде, оның ішінде жүк тасымалдауда, әуе қатынастары мен жолаушылар тасымалында көрініс тапты. Бірлескен кәсіпорындар саны 6 есеге өсті. Бизнес-қоғамдастық машина жасау, автомобильдер мен жабдықтар шығару салаларында нақты жобаларды жүзеге асыруда.
Халықаралық конференция барысында екіжақты қарым-қатынастардың негізгі тенденциялары барлық салаларда, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және т.б. салаларда жемісті ынтымақтастыққа деген өзара ұмтылыс екендігі туралы ой айтылды. Сондықтан ғылыми-зерттеу ресурстары бар сараптама орталықтары Орталық Азиядағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін бар күш-жігерін салуы керек.