Қазақстан мен Өзбекстан өзара сауданы жеделдету үшін кеден саласындағы ынтымақтастықты нығайтады
Қазақстан мен Өзбекстан кеден қызметтері арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, тауарлар мен көлік құралдарының мемлекеттік шекара арқылы өтуін жеделдетуге ниетті. Осы мақсатта екі елдің кеден қызметі өкілдіктерін ашу туралы келісімді ратификациялау мәселесі Құрылтайда қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Негізгі баяндама жасаған Қаржы министрі Мәди Такиев келісімнің мақсаты мен маңызына тоқталды.
Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы кеден қызметі өкілдіктерін ашу туралы келісімге 2025 жылғы 15 қарашада Ташкент қаласында қол қойылған.
Құжат екі елдің кеден органдары арасында жедел ақпарат алмасуды, ықтимал қатерлердің алдын алу және олардың жолын кесу жөніндегі шараларды келісуді, сондай-ақ құзыретті органдардың жұмысын үйлестіруді көздейді.
Келісімді іске асыру Қазақстан мен Өзбекстанның кеден саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға, тәжірибе және кедендік ақпарат алмасуды кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тауарлардың, көлік құралдары мен азаматтардың мемлекеттік шекара арқылы қозғалысын жеделдетуге қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Заң жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 12 мамырдағы қаулысымен Парламент Мәжілісіне енгізілген. Құжатты қарау аясында мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының отырысы және Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы өткізілген. Құрылтайдың барлық комитеті заң жобасына оң қорытынды берген.
Депутаттар заң жобасын қарап, оң қорытындыларын берді.