10 Қыркүйек 2026, 21:18 Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азияның бірыңғай туристік бағытын дамытпақ

2025 жылы Қазақстанға Өзбекстаннан шамамен 5,6 млн адам келсе, Өзбекстанға 2,9 млн-ға жуық қазақстандық барған.

Астанада Қазақстан мен Өзбекстанның туризм саласындағы ынтымақтастығын дамытуға арналған форум өтті. Оған екі елдің мемлекеттік органдары, туристік компаниялар, әуе тасымалдаушылары, қонақ үй бизнесі мен салалық қауымдастықтардың 300-ге жуық өкілі қатысты.

Форумда Орталық Азияны бірыңғай туристік бағыт ретінде ілгерілету, трансшекаралық маршруттарды дамыту, әуе қатынасын кеңейту және шекарадан өту мен визалық рәсімдерді жеңілдету мәселелері талқыланды.

2025 жылы Қазақстанға Өзбекстаннан шамамен 5,6 млн адам келсе, Өзбекстанға 2,9 млн-ға жуық қазақстандық барған. Туристік ағынның өсуіне екі ел арасындағы жаңа әуе рейстерінің ашылуы да ықпал етуде.

Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев Қазақстан мен Өзбекстанды Орталық Азиядағы біртұтас әрі тартымды саяхат бағыты ретінде бірлесіп танытудың маңызын атап өтті.

Форумда Ұлы Жібек жолы бойындағы туристік маршруттар, қонақ үй инфрақұрылымын дамыту, халықаралық брендтерді тарту, сондай-ақ зиярат ету, рухани және сауықтыру туризмінің әлеуеті қарастырылды.