Қазақстан мен Өзбекстан медицина саласында меморандумға қол қойды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында қазақстандық медицина күндері өтіп жатыр.
Шара 2 күнге жоспарланған. Оның басты мақсаты – екі елдің жетекші медициналық ұйымдарының арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайту, ынтымақтастықты күшейту, тәжірибе алмасу.
Форумға Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бастаған 70-ке жуық деллегат барды.
Олардың ішінде Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мен елордалық медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері бар. Сондай-ақ форумға еліміздегі жетекші медициналық ұйымдардың қызметкерлері, медициналық университеттер, отандық дәрі-дәрмек өндірушілері қатысып жатыр, - делінген хабарламада.
Шараның алғашқы күні Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Ташкент денсаулық сақтау басқармасы арасында әріптестік меморандумға қол қойылды.
Меморандум аясында қос тарап денсаулық сақтаудағы медициналық қызметтердің сапа менеджменті жүйесін құру саласында тәжірибе алмасып, мамандарды даярлауда қайта оқыту, мастер класстар өткізу және біліктілікті арттыру, мамандардың тәжірибе алмасуы сияқты мүмкіндіктерге ие болады.
Сонымен қатар форумда Қазақстан мен Өзбекстан дәрігерлері медицина саласындағы өзекті мәселелерді талқыға салады.
Жиында медициналық туризмді дамыту, онкологияда заманауи ядролық технологияларды қолдану, ана мен баланың денсаулығын қорғау, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту және денсаулық сақтау саласын цифрландыру мәселелері сөз болады, - делінген хабарламада.