Қазақстан мен Өзбекстан «Keruen Express» туристік пойызын іске қосты
Алматыдан жолға шыққан 130-дан астам жолаушы «Алматы – Түркістан – Самарқанд – Ташкент – Алматы» бағыты бойынша сапар шегеді.
«Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) Өзбекстан темір жолдарымен бірлесіп кезекті «Keruen Express» туристік пойызын ұйымдастырды. Жоба екі ел арасындағы мәдени және туристік байланысты нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚТЖ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматыдан жолға шыққан 130-дан астам жолаушы «Алматы – Түркістан – Самарқанд – Ташкент – Алматы» бағыты бойынша сапар шегеді. Тур 2026 жылдың 1–6 мамыры аралығында өтеді.
Туристік пойыз отандық өндірістегі заманауи вагондардан жасақталған: 4 купе вагоны және 1 вагон-мейрамхана бар.
Бағдарлама аясында қатысушылар Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, Отырар қалашығын, Самарқандтағы Регистан алаңын, Әмір Темір кесенесін, Ташкенттегі Хазірет Имам кешенін және басқа да тарихи-мәдени нысандарды аралайды.
Туристік пакетке пойызбен жол жүру, гидтердің сүйемелдеуімен экскурсиялар, кіру билеттері және трансфер қызметтері кіреді.
«Keruen Express» жобасы теміржол туризмін дамытуға және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-тарихи байланысты кеңейтуге ықпал етеді. Биыл бұл бағыт бойынша ұйымдастырылған екінші туристік сапар.