Қазақстан мен Өзбекстан білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын кеңейтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдерімен бірге жұмыс сапарымен Өзбекстан Республикасына барды. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.

Іссапар барысында Өзбекстан Республикасының Инновациялық даму министрі Иброхим Абдурахмоновпен ресми кездесу өтті. Тараптар екі елдің ғылым, технология және инновация саласындағы бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту жөніндегі ынтымақтастығын талқылады.

Сонымен қатар тараптар Өзбекстанда қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу және екі елдің серіктес ЖОО-лармен одан әрі стратегиялық ынтымақтастығы мәселелерін де қозғады.

Осы күні Қуаныш Ерғалиев пен Қазақстанның ЖОО өкілдері Өзбекстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінде болды. Сондай-ақ Жоғары және орта арнаулы білім министрінің бірінші орынбасары Комилжон Каримовпен кездесу өтті.

Біз шетелдік әріптестерімізбен жоғары білімді жаңғырту мәселелерін талқыладық. Сондай-ақ қазақстандық жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері, атап айтқанда, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, М.Әуезов атындағы ОҚУ, Х.А. Ясауи атындағы ХҚТУ өз университеттерін таныстырып, қазақстандық ЖОО-ның білім мен ғылым саласындағы жетістіктері жайында айтып берді. Кездесуде тараптар 12-13 мамырда Алматыда және осы жылдың күзінде Ташкентте өтетін Орталық Азия елдері ректорларының форумын, білім көрмелерін ұйымдастыруды қоса алғанда, білім беру іс-шараларының кеңейіп келе жатқанын атап өтті, - деді вице-министр Қуаныш Ерғалиев.

Одан бөлек, жұмыс сапары барысында қазақстандық делегация Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті мен Ташкент мемлекеттік заң университетінде болды. Кездесу барысында тараптар меморандумдарға қол қойып, ғылымды дамыту, инновациялар мен ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру, сондай-ақ қос дипломдық бағдарламаларды жүзеге асыру, оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығы және халықаралық жобалар шеңберінде ғалымдардың ынтымақтастығын кеңейтуге келісті.

Сонымен қатар ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Ташкентте өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің ғылым және техника министрліктері мен ведомстволары басшыларының алтыншы кеңесіне қатысты. ҚР БҒМ өкілі ШЫҰ аясындағы міндеттерді іске асыру бойынша баяндама жасады. Қуаныш Ерғалиев министрлік жүргізіп жатқан ЖОО-ның инфрақұрылымын жаңғырту, университеттерді құру және әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарына айналдыру мәселелеріне тоқталды, сондай-ақ қазақстандық ғалымдардың елеулі ғылыми жетістіктерін шетелдік әріптестеріне таныстырды.

Министрліктердің өкілдері цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, «жасыл энергетика» салаларындағы бірлескен жобаларды әзірлеу бастамаларын талқылады. Сондай-ақ тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің инновациялық технологиялардың алғашқы цифрлық жәрмеңкесін өткізуді, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 2022-2025 жылдарға арналған ғылыми-техникалық ынтымақтастығы жөніндегі жоспарын қарастырды. ШЫҰ елдерінің делегациялары озық технологиялар жәрмеңкелері мен «Inno» технопаркін аралады.

Айта кетейік, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ғылым және техника министрліктері мен ведомстволары басшыларының кездесулері 2010 жылдан бері өткізіліп келеді. Ол ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастықты нығайтудың тиімді алаңына айналып үлгерді. ШЫҰ-ның 2021-2022 жылдардағы төрағасы – Өзбекстан Республикасы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы