Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экология саласындағы ынтымақтастық туралы келісім қаралады

Бүгін Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Онда депутаттар 24 қазан күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті және Палатаның алдағы жұмыс жоспарын пысықтады.

Күн тәртібіне сәйкес алдағы бейсенбіде Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралады.

Келісім Арал бассейніндегі экологиялық ахуалды жақсартуды көздейтін бірлескен іс-шаралар әзірлеуге, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және екі елдің қарым-қатынасын одан әрі арттыруға бағытталған.

Сондай-ақ Бюро отырысында Палата депутаттарының «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басшылығымен болатын алдағы кездесуіне қатысты мәселелер талқыланды. Аталған іс-шарада мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлік субъектілерінің басым жобалары жөнінде сөз қозғалмақ.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Мемлекет басшысы Қазақстанның кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға үнемі ерекше мән беріп келеді. Осы ретте Президент көтерген мәселелерді жан-жақты зерттеп, талқылап, оларды шешу жолында бірлесіп әрекет еткен жөн.

Сондай-ақ Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін тұрақты Комитеттерге бөлініп берілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы