1 Қараша 2026, 17:51 Фото: ©BAQ.KZ коллаж

Қазақстан мен ОПЕК+ желтоқсан айында мұнай өндіру квоталарын сақтауға келісті

ОПЕК+ ұйымының жеті елі желтоқсанда мұнай өндіру көлемін өзгертпеуге келісті. Қазақстан да келіссөзге қатысты.

1 қарашада өткен онлайн-кездесуде ОПЕК+ ұйымының Қазақстанды қоса алғанда жеті негізгі мүшесі желтоқсан айындағы мұнай өндіру көлемін өзгеріссіз қалдыру туралы алдын ала келісімге келді. Бұл туралы үш дереккөзге сілтеме жасаған Reuters агенттігі хабарлады.

Агенттіктің айтуынша, бұл шешім күтілген нәтижеге сай келеді. Яғни мұнай өндіру саясатына қатысты өзге өзгерістер келесі жылға дейін кейінге қалдырылмақ. Үш дереккөз де аты-жөнін жарияламау шартымен пікір білдірген.

Келіссөзге Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Алжир, Қазақстан және Оман қатысып жатыр. Кездесу Парсы шығанағы елдерінің мұнай экспорты қайта қалпына келе бастаған тұста өтіп отыр. Бұған дейін Иранмен болған соғыс салдарынан бірнеше ай бойы экспортқа кедергі келтірілген еді. Дегенмен өңірдегі мұнай өндіруші елдердің басым бөлігі әлі де белгіленген квотадан едәуір аз көлемде мұнай өндіріп отыр.

Қыркүйек айында ОПЕК+ 2023 жылы келісілген тәулігіне 1,65 миллион баррель мұнай өндіруді ерікті түрде қысқарту шарасын кезең-кезеңімен тоқтатуды аяқтады. Алайда соғыс салдарынан туындаған іркілістер Парсы шығанағы елдеріне өндіріс көлемін белгіленген деңгейге дейін арттыруға мүмкіндік бермей отыр.

Бұған дейін, шілде айында Reuters агенттігі альянс төртінші тоқсанда мұнай өндіру квоталарын өзгеріссіз қалдырып, 2027 жылға арналған өндіріс шарттарын талқылауға басымдық беруі мүмкін екенін хабарлаған еді.

2026 жылдың соңына дейін ОПЕК+ ұйымының көптеген мүшесі үшін тәулігіне шамамен 2 миллион баррель мұнай өндіруді қысқарту жөніндегі жеке міндеттеме күшінде қалады.

Агенттік дереккөздерінің мәліметінше, төртінші тоқсанда альянсқа мүше елдердің өндірістік қуатын бағалау жұмысы аяқталуы керек. Оның қорытындысы бойынша 2027 жылға арналған мұнай өндірудің базалық деңгейлері белгіленеді. Болашақ квоталар мен қолданыстағы шектеулерді алып тастау талаптары осы көрсеткіштер негізінде есептеледі.