Қазақстан мен Оңтүстік Корея туризм және спорт саласындағы өзара қарым-қатынасты нығайтуда
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Корея Төтенше және өкілетті елшісі Чжо Тэ-Икпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу Мемлекет басшысының Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті және спорт федерациялары бірлесе жұмыс істеу керек деген тапсырмасын орындау мақсатында құрылған Канвондағы IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасына және Париждегі жазғы Олимпиада мен Паралимпиадаға дайындық жөніндегі штабтың кеңсесінде өтті. Штабтың негізгі жұмысы – спортшылардың алдағы жарыстарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету.
Екі елдің спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарға белсене қатысып, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізіп келеді. Мәселен, 2023 жылдың шілде айында бокстан әйелдер құрамасы Кореяның Порен қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізді. Сондай-ақ былтыр Корея Республикасының спортшылары елімізде ұйымдастырылған жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында және күрес түрлері бойынша Азия біріншілігінде бақ сынады. 2023 жылдың тамызында корей спортшылары үстел теннисінен Алматыдағы «2023 WTT Contender Almaty» халықаралық турнирінде өнер көрсетті.
Кездесу барысында министр екі елдің спорттық оқу орындары арасында ынтымақтастық орнатуға, футбол бойынша жолдастық матчтар өткізуге, спорттық тамақтану және спорттық медицина саласындағы тәжірибені зерттеуге, сондай-ақ биомеханика, психология және физиология саласындағы кәсіби спортты зерттеумен айналысатын қазақстандық мамандарды тағылымдамадан өткізуге ниетті екенін білдірді.
Корея Республикасы көптеген спорт әуесқойлары мен тиімді инвестициялар сияқты маңызды факторлардың арқасында бүгінде спорттық державаға айналып отыр. Біз үшін екі елдің салалық федерациялары арасында тығыз байланыс орнату және тәжірибені зерделеу өте маңызды. Корей спортшыларына оқу-жаттығу жиындарын өткізуге республикалық олимпиадалық даярлық базасын ұсынамыз. Сондай-ақ биыл Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетінін атап өткім келеді. Дүбірлі додаға әлемнің 100-ден астам елінен 3 мыңнан аса спортшы қатысады деп жоспарлап отырмыз. Ойындар бағдарламасына дәстүрлі Корей күресі «ссирым» де енген. Корей делегациясы мен спортшыларын осы ауқымды іс-шараға қатысуға шақырамын, - деді Ермек Маржықпаев.
Корея Республикасының елшісі кездесуге шақырғанына ризашылығын білдіріп, өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуге мүдделі екендігін жеткізді. Елші өз сөзінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге сәттілік тілеп, екі ел арасында жыл сайын дамып келе жатқан туризм және спорт саласында көптеген байланыс нүктелері бар екенін атап өтті.
Сонымен қатар кездесу барысында екі елдің өкілдері Канвонда өтетін Жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпия ойындарын талқылап, осы жарыстан, қазақстандық спортшылардан қандай нәтиже күтетініне қатысты ой бөлісті.