Қазақстан мен Оңтүстік Африканың регбишілері бірлескен жаттығу жиындарын өткізетін болды

Оңтүстік Африкада регби - ұлттық спорт түрі саналады, ал Оңтүстік Африка құрамасы регбиден әлемдегі ең мықты командалардың бірі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

МСМ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Оңтүстік Африка регбишілері бірнеше рет ірі чемпионаттардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған.

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың Қазақстандағы Оңтүстік Африка Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Кийтуметци Сийполо Тандека Мэттьюспен кездесуі барысында туризм, мәдениет және спорт салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, кездесуде тараптар екі ел спортшыларының бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу туралы ұсыныстарын айтты.

Биыл біз Қазақстан мен Оңтүстік Африка арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өтудеміз. Осы уақыт ішінде біз кең ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастық орнаттық. Әрине, спорт, туризм және мәдениет сияқты салаларда белгілі бір жұмысты жандандыру қажет. Біз регбиден халықаралық спорттық жарыстарды өткізу, спорт делегацияларының, жаттықтырушылардың, сарапшылар мен мамандардың тәжірибе алмасуы, іссапары туралы мәселелерді қарастыра аламыз, - деп атап өтті Дәурен Абаев.

Өз кезегінде Елші ханым бұл ұсынысты қолдап, Қазақстандағы екі елдің жастар командалары арасында регбиден достық матчын өткізу туралы бастама көтерді.

Сондай-ақ, әңгіме барысында туризм саласындағы ынтымақтастық мәселелері қозғалды. Министр Қазақстан рейстер санын ұлғайту және ұшу географиясын кеңейту бағытында жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Министр біріншіден, бұл туристерді Қазақстанға тарту мақсатында жасалынғанын айтты.

Екі ел тарапы сонымен қатар, Оңтүстік Африканың әйгілі диджейлері мен афроджаз орындаушыларының қатысуымен концерт өткізу мәселесін қарастырып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы