Қазақстан мен Мысыр білім саласында ынтымақтастықты дамытады
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мысырдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Манал Эльшиннавимен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мысыр елшісімен кездесуде екі ел арасындағы екіжақты қатынастар мәселелері талқыланды. Елші министрге екі министрліктің бөлінуіне байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Мысыр Араб Республикасының Жоғары білім мен ғылыми зерттеулер министрлігі арасындағы ғылыми зерттеу саласындағы ынтымақтастықты өзара түсіністік туралы меморандумды жаңартуды ұсынды. Өз кезегінде Саясат Нұрбек бұл бастаманы қолдады.
Қазақстан мен Мысыр елін көптеген жылдар бойы өзара тиімді ынтымақтастық, оның ішінде жоғары білім мен ғылым саласындағы серіктестік байланыстырып келеді. Студенттер мен профессор-оқытушылар құрамымен алмасу жүзеге асырылады, Мысыр мамандары қазақстандық жоғары оқу орындарына тартылады. Біз ғылым және жоғары білім саласында екі ел арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға мүдделіміз, - деді министр.