Халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған сапар Қазақстан мен Малайзия арасындағы білім беру, ғылыми-зерттеу және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Бағдарлама шеңберінде профессорлар мен студенттердің қатысуымен дәрістер, практикалық сабақтар, ғылыми пікірталастар және тәжірибе алмасу кездесулері өтіп жатыр. Сәулет, тарихи-мәдени мұраны сақтау, цифрлық құжаттандыру, сондай-ақ сәулет нысандарын зерттеудің заманауи әдістерін қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Сапардың негізгі бағыттарының бірі – KazGASA және IIUM студенттері мен профессор-оқытушылар құрамының Қазақстанның сәулет және тарихи-мәдени мұрасын бірлесіп зерттеуі. Халықаралық зерттеу тобы Жаркент қаласында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Қазақстанның бірегей сәулет ескерткіштерінің бірі – Жаркент мешітін зерделеп жатыр.
Зерттеу барысында қатысушылар нысанның сәулеттік-кеңістіктік ерекшеліктерін, тарихи және мәдени құндылығын, сондай-ақ оны сақтау мен зерделеудің заманауи тәсілдерін қарастырады. Бірлескен далалық жұмыс студенттердің теориялық білімін тәжірибеде қолдануына және халықаралық зерттеу тәжірибесін меңгеруіне мүмкіндік береді.
Халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламалары – жоғары білім мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі. Мұндай бастамалар студенттер мен оқытушылардың академиялық тәжірибесін кеңейтуге, зерттеушілік құзыреттерді дамытуға, мамандар даярлау сапасын арттыруға және Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын халықаралық ғылыми ортада танытуға мүмкіндік береді.