Қазақстан мен Латвия арасында тікелей әуе рейстері ашылады

SCAT әуекомпаниясы 2026 жылдың көктемінен бастап Қазақстан мен Латвия арасында тікелей әуе рейстерін іске қоспақ. Бұл туралы Алматыда өткен Қазақстан – Латвия бизнес-форумында белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.

Форумға екі елдің іскер топтарынан 50-ге жуық өкіл қатысып, сауда-экономикалық және көлік саласындағы ынтымақтастықты талқылады.

Қазақстан Латвияны маңызды әрі сенімді серіктес ретінде қарастырады. Ал Латвия Қазақстанды Азия мен Еуропа арасындағы стратегиялық көпір деп санайды. Форум ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашатын алаңға айналды, – делінген ведомство хабарламасында.

Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңа бағыт жолаушылар үшін жол жүруді жеңілдетіп қана қоймай, бизнес пен туризмді дамытуға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге ықпал етеді. Сонымен қатар тараптар теміржол саласындағы әріптестікті де жоғары бағалап, жүк тасымалының өсуі бұл бағыттағы әлеуетті дәлелдеп отырғанын атап өтті.

Тікелей әуе қатынасы екіжақты қарым-қатынасты нығайтып, жаңа жобаларды іске асыруға серпін бермек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы