Қазақстан мен Кипр ауқымды ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Кипр Республикасының Сыртқы істер министрі Константинос Комбоспен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан-Кипр қатынастарының бірқатар маңызды мәселелерін талқылады. Сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасты. Атап айтқанда, сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Астана мен Никосия арасындағы саяси диалогты, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүдделілігін растады.

К. Комбостың айтуынша, екіжақты өзара іс-қимылды жандандыру үшін өз елінің үкіметі келесі жылы Астанада Кипр елшілігін ашуға ниетті.

Министрлер ынтымақтастықтың жаңа перспективалы салаларына тоқталып, көлік, логистика және туризм салаларындағы өзара әрекеттесудің іске асырылмаған әлеуетін атап өтті. Олардың қорытындысы бойынша, бірінші кезектегі қадам ретінде екі ел арасында тікелей әуе қатынасын орнату мүмкіндігін қарастыруға уағдаласты.

Кездесу қорытындысы бойынша сұхбаттастар 2024 жылға жоспарланған Кипр СІМ басшысының Қазақстанға сапары барысында Қазақстан-Кипр ынтымақтастығы мәселелері бойынша диалогты жалғастыруға дайын екендерін растады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы