Қазақстан мен Кения президенттері Alem.ai орталығын аралады
Қазақстан мен Кения президенттері Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын аралап көрді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кения Президенті Уильям Руто Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына барып, елдің басты технологиялық хабы саналатын кешеннің әлеуетімен танысты.
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мемлекеттер басшыларына музей экспозициясы мен ЖИ-кинотеатрын көрсетіп, орталықтың ұзақмерзімді даму стратегиясы туралы мәлімет берді.
Президенттерге Astana Smart City жүйесі және оның бейнеталдау, қоғамдық қауіпсіздік, көлік ағыны мен қалалық қызметтерді онлайн режимде үйлестіру салаларындағы мүмкіндіктері баяндалды.
Қазақстан мен Кения президенттері «Астана» халықаралық қаржы орталығына барды
Мемлекеттер басшыларына Қазақстан мен Кения арасында инвестиция тартуға және халықаралық қаржылық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған өңірлік алаң ретінде АХҚО қызметі таныстырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Уильям Рутоға АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров орталықтың негізгі бағыттары, соның ішінде капитал нарығын қалыптастыру, орнықты, «жасыл», ислам және авиа қаржыландыруды дамыту, сондай-ақ аталған алаңға халықаралық компаниялардың қатысуын кеңейту шаралары жөнінде әңгімеледі.
Орталықтың экожүйесінде 90 елден келген 5600-ден аса компания тіркелген. Осы жылдарда тартылған инвестиция көлемі 21,8 миллиард доллардан асты.
Орталық жұмыс істей бастағаннан бері АХҚО қатысушылары ел бюджетіне 317,4 миллиард теңге салық төледі.
Еске салайық, бұған дейін Тоқаев Кения бизнесіне «Алтын виза» ұсынды.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев «Кремний саваннасы» мен GovTech әлеуетін біріктіру туралы ойын айтты.