29 Қараша 2026, 03:26 Фото: СІМ

Қазақстан мен Канада екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ниетті

Тараптар Орталық Азиядағы өңірлік интеграция, халықаралық қауіпсіздік және көпжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты.

 

Оттавада Қазақстан мен Канада сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың кезекті раунды өтті. Қазақстан делегациясын ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев, Канада делегациясын Сыртқы істер министрі орынбасарының Еуропа, Таяу Шығыс және Арктика жөніндегі көмекшісі Александр Левек басқарды.

Келіссөздер барысында тараптар саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, сондай-ақ халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады.

Ержан Ашықбаев канадалық тарапқа Қазақстандағы негізгі саяси қайта құрулар, соның ішінде жаңа Конституцияның қабылдануы мен бір палаталы парламент – Құрылтайдың құрылуы, сондай-ақ Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында айқындалған басымдықтар туралы ақпарат берді.

Канаданың Қазақстанның Солтүстік Америкадағы сенімді серіктесі ретіндегі маңызын атап өткен Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары 2027 жылы дипломатиялық қатынастар орнатылуының 35 жылдығы қарсаңында екіжақты байланыстарды жандандыруға ерекше мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. Перспективалы бағыттар қатарында энергетика, уран саласы, ауыл шаруашылығы, аса маңызды минералдар, цифрландыру, білім беру және ғылым аталды. Сондай-ақ сауда мен инвестиция үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында шарттық-құқықтық базаны жетілдіру қажеттігі аталып өтті.

Александр Левек Қазақстанды Канаданың Орталық Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі деп атап, Оттаваның экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі екенін растады. Ол сондай-ақ үкіметтік байланыстардың және Қазақстанға канадалық бизнес-миссиялардың жандана түскенін көрсетті.

Тараптар Орталық Азиядағы өңірлік интеграция, халықаралық қауіпсіздік және көпжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты. Канада тарапы Қазақстанның бастамаларын, соның ішінде халықаралық гуманитарлық құқық саласындағы бастамаларын жоғары бағалады. Мемлекет басшысының БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру туралы ұсынысы жеке қарастырылды. Халықаралық ұйымдар шеңберінде өзара іс-қимылды жалғастыруға дайындық расталды.

Консультациялар қорытындысы бойынша тараптар саяси, парламентаралық және іскерлік байланыстарды одан әрі нығайтуға жәрдемдесуге уағдаласты.

Сапар аясында Ержан Ашықбаев сондай-ақ Канада Сыртқы істер министрінің орынбасары Арун Тангарадж пен Сыртқы істер министрінің Парламенттік хатшысы Роберт Олифантпен кездесті. Саяси диалог пен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.

Бұдан бөлек, «Қазақстан – Канада» парламенттік достық тобының тең төрағасы, сенатор Пьер Дальфондпен кездесу өтіп, онда парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайту мүмкіндіктері қарастырылды.