Қазақстан мен Италия ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға ресми сапармен келген Италия Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таянимен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан-Италия қатынастарының серпінді дамуын құптай отырып, тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, ғылыми-техникалық және туристік салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективаларын, көпжақты форматтағы өзара іс-қимылды, оның ішінде халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.
Қазақстан СІМ басшысы Италиямен өзара іс-қимыл спектрін кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. «Италия – уақытпен тексерілген, сенімді стратегиялық серіктесіміз, Сіздің еліңізбен тауар айналымы Еуропа мемлекеттері арасында рекордтық көрсеткішке жетті. Біз Риммен ынтымақтастыққа үлкен мән береміз. 30 жылдан астам дипломатиялық қарым-қатынаста жақсы нәтижелерге қол жеткіздік», – деді М. Нұртілеу.
Өз кезегінде А. Таяни ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қуатты экономика мен гүлденген қоғам құруға бағытталған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халқына жолдауында айтылған бастамаларына және де саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларға қолдау білдірді. Сондай-ақ, ол жаңа перспективалы бағыттардың бар екеніне назар аудара отырып, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейін атап өтті.
Тараптар жоғары технологиялық итальяндық компаниялармен өзара әрекеттесу әлеуетін ескере отырып, тұрақты саяси диалогты қолдау және сауда-экономикалық пен инвестициялық ынтымақтастықты дамыту арқылы екіжақты ықпалдастықты өзара нығайтуға мүдделілік білдірді.
2022 жылы өзара тауар айналымы 54%-ға өсіп, 14,9 млрд АҚШ долларына жеткені, сондай-ақ итальяндық компаниялардың қатысуымен Қазақстанда бірқатар ірі инвестициялық жобалардың сәтті жүзеге асырылып жатқаны қанағаттанушылықпен аталып өтті.
Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға белсенді ықпал еткен өткен жылы ашылған аптасына 2 реттік Алматы-Милан тікелей рейсінің маңыздылығын атап өтті.
ҚР СІМ басшысы Еуроодақпен ынтымақтастық шеңберінде Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді оңтайландыру мәселесі бойынша итальяндық тараптың қолдауына үміт артатынын жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар достық пен өзара тиімді ынтымақтастыққа бағытталған 2009 жылғы тиісті Шарт негізіндегі қазақ-итальяндық стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға бейілділігін тағы да растап, экономиканың басым секторларындағы (өңдеу өнеркәсібі, цифрландыру, су ресурстарын басқару және т.б.) және мәдени-гуманитарлық өлшемдегі (адами алмасулар және академиялық байланыстар) өзара іс-қимылға негізделген Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
Сапар аясында А. Таяни ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың қабылдауында да болды.
Италия – Қазақстанның әлемдегі үшінші, ал Еуропадағы ең ірі сауда серіктесі. Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары – энергетика, табиғи ресурстарды барлау және өндіру, құрылыс, инфрақұрылым, көлік, коммуникация, ауыл шаруашылығы, ғылыми-технологиялық қызмет және консалтингтік қызметтер.
2005-2022 жылдар аралығында Италиядан Қазақстанға тартылған тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 7,3 млрд АҚШ долларын құрады. Елдер арасында Италия бұл көрсеткіш бойынша 12-ші орында.
Қазақстанда итальяндық капиталдың қатысуымен 270-ке жуық компаниялар тіркелген.