17 Қыркүйек 2026, 23:52 Фото: Сыртқы істер министрлігі

Қазақстан мен Италия стратегиялық серіктестікті нығайтуды талқылады

Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған "B5+Италия" диалог алаңының Орталық Азия елдері мен Италия арасындағы іскерлік байланыстарды дамытудағы рөлі де сөз болды.

​Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Астанаға "B5+Италия" диалог алаңының алғашқы отырысына қатысу үшін келген Италия Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Мария Триподимен кездесті.

Келіссөз барысында тараптар екі ел арасындағы саяси байланыстың жоғары деңгейін атап өтіп, стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту мәселелерін қарастырды. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге басымдық берілді.

Арман Исетов Қазақстанның итальяндық компаниялармен өнеркәсіп, энергетика, көлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін айтты.

Мария Триподи өз кезегінде Қазақстандағы Құрылтай сайлауының өтуімен құттықтап, екі ел арасындағы байланысты нығайтудағы парламенттік дипломатияның маңызын атап өтті. Италия өкілі Қазақстанмен практикалық ынтымақтастықты кеңейтіп, жаңа жобаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді.

Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған "B5+Италия" диалог алаңының Орталық Азия елдері мен Италия арасындағы іскерлік байланыстарды дамытудағы рөлі де сөз болды.

Келіссөз соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін растады.