Қазақстан мен Ирландия дипломатиялық қатынасына – 30 жыл

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қазақстан мен Ирландия дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын атап өтуде, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Ынтымақтастықтың өткен жылдарында екі ел сындарлы саяси қарым-қатынастар, өзара тиімді сауда-экономикалық байланыстар орнатып, мәдени-гуманитарлық байланыстарды айтарлықтай кеңейтті.

Соңғы жылдары ынтымақтастықтың серпінді бағыттарының бірі көпжақты өзара әрекеттестік болды. Нұр-Сұлтан мен Дублие БҰҰ және ЕҚЫҰ шеңберінде тиімді ықпалдасады және демократия, адам құқықтары мен заң үстемдігі сияқты әмбебап құндылықтарды ұстанады. Ирландия 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын қолдады, ал Қазақстан 2021-2022 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Ирландияның кандидатурасына дауыс берді.

Ирландия – экономикасы қарқынды дамып келе жатқан жаһандық экономикалардың бірі және әлемдегі ең инновациялық 15 мемлекеттің қатарына кіреді. Ирландияда жетекші IT-компаниялардың Еуропа штаб-пәтерлері орналасқан: Apple, Google, Facebook, Amazon, IBM, Microsoft, Ebay, Oracle және басқаларының. Қазақстан IT дамыту бойынша Ирландияның тәжірибесіне, сондай-ақ ҚР аумағында трансұлттық компанияларды тарту және толыққанды жұмыс істеу үшін жағдай жасауға мүдделі. Осыған байланысты, 2018 ж. «Зерде» ҰБХ АҚ және «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ Қазақстан делегациясының Дублин қаласына іссапары ұйымдастырылып, іссапар барысында Ирландияның технологиялық компанияларымен кездесулер өткізілді.

Екі елдің үкіметтері агроөнеркәсіптік кешенде ынтымақтастыққа дайын екендерін білдіруде. Ирландия Еуропадағы сиыр еті мен сүт өнімдерінің ірі экспорттаушысы болып табылады. Осы бағытты жандандыру мақсатында «QazIndustry «қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ және «International Development Ireland» Ирландия ұлттық компаниясы 2019 жылы Қазақстанға 50 млрд. теңге сомасына Ирландия инвестициялық жобаларды тарту жөніндегі меморандумға қол қойды.

Ынтымақтастықтың келешегі мол салаларына қаржы секторы да жатады. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Ирландияның Орталық банкі инвесторларды қорғау, нарықтық және қаржылық тұтастықты нығайту, сенім мен қаржылық тұрақтылықты қолдау мәселелерінде өзара әрекеттестікке бағытталған құжатқа қол қойды.

Экономикалық бағытта тараптардың барлық күш-жігері өзара тауар айналымын арттыруға бағытталған, ол 2021 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 140 млн. АҚШ долларын құрады (алдыңғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 14,2%-ке өскен), сондай-ақ Ирландияның бизнесі мен қазақстандық нарыққа инвестициялар тартуға бағытталған.

Ирландияның білім беру жүйесі де қазақстандықтар арасында елеуші қызығушылық тудырады, ол жоғары сапалы мамандар мен оқытушылардың өндірушісі ретінде берік беделге ие. Жақында Қазақстандағы орта мектептердің ағылшын тілі оқытушыларына арналған тегін онлайн-білім беру курстарын өткізу бойынша бірлескен жоба аяқталды, оның шеңберінде шамамен 4 мың оқытушы оқудан өтті.

Өзара әрекеттестіктің қазіргі жағдайы екі елдің саяси, экономикалық және мәдени қатынастарын одан әрі нығайтуға ұмтылысын көрсетеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы