Қазақстан мен Иранның қолжазба реставраторлары тәжірибе алмасты
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында «Иран Ислам Республикасының каллиграфия және жазба мұраларды қалпына келтіру өнері» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинары өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ирандағы «Нур» халықаралық микрофильм орталығы мен Астан Кудс Разави орталық кітапханасынан арнайы келген реставраторлар мен каллиграфтар кітаптарды қалпына келтіру және консервациялау, каллиграфия, палеография, дәстүрлі және еуропалық түптеу, тігін түрлері мен реставрациялау мәселелері туралы шеберлік сағаттарын өткізді. Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Бекділдәұлының айтуынша семинарға Иранның ең мықты каллиграфтары мен реставраторлары келген.
Семинарға Отырар мемлекеттік археологиялық музей қорығы, Руханият Әбу Нәсір әл-Фараби музейі, Түркістан облыстық Фараб кітапханасы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Мемлекеттік орталық музей, Ұлттық кітапханасы, Тарих мұражайы, Ұлттық академиялық кітапханасы, Астана қаласының мемлекеттік архиві, Ұлттық музейі мен Ұлттық архивінің реставраторлары қатысты.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы мен Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар «Қолжазбаларды сақтау және қалпына келтіру шеберханасы», «Палеография дәрістері», «Иран каллиграфиясының ерекшелігі» тақырыптар аясында апта бойы жалғасады.